Шымкентте сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша инвесторлармен келісім жасалды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -  Шымкентте сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша инвесторлармен келісім жасалды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен кәсіпкерлер өзара инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөнінде келісімге қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Департаменттің мәліметінше, «Lux Shoes» ЖШС-і 403 млн теңгенің және «KazBioLife» ЖШС-і 650 млн  теңгені құрайтын жобаларды ұсынған. Қол қою рәсімі аясында отандық және шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау мен олардың сенімін арттыру мәселелері талқыланды. Инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелері сөз болды.

«Инвесторлар үшін жаңа бизнес идеяларын іске асыруға кедергі жасайтын мәселелер әлі де жоқ емес. Оның ішінде жемқорлық та бар. Осыған байланысты Агенттік жаңа жоба енгізді. Аталған жобаға қатысуға ниет білдірген инвесторлар Қазақстан аумағында аптаның кез келген тәулігінде қорғалады», - деп атап өтті Департамент басшысы Әли Көмекбаев.

Сондай-ақ, жоғарыда аталған серіктестіктердің  директорлары мұндай жобалар жаңадан ашылған кәсіпорындарға өте қажеттігін атап өтіп, алдағы уақытта сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда бірлесе жұмыс атқаруға дайын екендіктерін жеткізді.

Айта кетейік, аталған шара ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен еліміздің Сыртқы істер, Инвестициялар және даму министрліктері арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында қолға алынып отыр. Тараптар осындай шаралар арқылы ел экономикасына инвестициялардың келуін жеңілдету, бюрократия тәртіптерін және сыбайлас жемқорлық деректерін болдырмауды көздейді. 

Департамент қызметкерлері осы ретте биизнес өкілдерін  «Protecting Business and Investments» жобасынының мүшесі болуға шақырып, оған ниет білдірген инвесторлар үшін «WhatsApp» (+7702 201 51 51), 51-51-51 сенім телефондары мен memkyzmet.kz сайтында ашылған«Инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте сүйемелдеу» айдары жұмыс жасайтынын ескертеді.

Соңғы жаңалықтар