Шымкентте студенттің өліміне қатысы бар деген күдікпен екі адам ұсталды

None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте колледж студентінің өліміне қатысы бар деген күдікпен екі адам ұсталды. Сезіктілерге қатысты 15 жастағы жасөспірімді ұрып-соғу бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, қазір күдіктілерге қатысты Қылмыстық кодекстің 106-бабы «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

Колледж жатақханасында қаза тапқан студент Нұрхат Дүйсеннің туыстары оның өліміне әлімжеттік себеп болуы мүмкін деп отыр. Айтуларынша, марқұм оқуға түскелі жиі ақша сұраған. Жастар арасындағы жанжал осыдан туындаған шығар деп топшылайды.

«Нұрхат оқуға түскелі бәрінен қарызға ақша сұрай бастаған. Туыстарынан, әпкелерінен сұраған. Енді олардың бәрі «қиналып жатыр» деп бере берген. Бірақ, бұл ақша қай жаққа кетіп жатқанын білмейді. Мүмкін тамақ, өзіне тәтті нәрселер алып жеген шығар деп. Бұдан ақша талап еткен деп ойлаймыз. Қорқытқан. Оны бізге айтуға бұл қорыққан», - дейді анасы Айжан Қашағанова.

Бақилық болған студент отбасында төрт қыздың ішіндегі жалғыз ұл болған еді. Денсаулығында кінәрат болмапты. Қалалық білім басқармасының басшысы осы жағдайға байланысты қазір зерделеу жұмыстары жүріп жатыр дейді.

«Жауапты қызметкерлердің өз орнында болған болмағаны жөнінде басқарманың тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Егер болмаған болатын болса, өз ісіне жауапкершілікпен қарамағаны үшін бірінші басшы қатаң жауапкершілікке, жұмыс орнын босатқанға дейінгі қатаң жауапкершілікке тартылатын болады», - дейді басқарма басшысы Жанат Тәжиева.

Айта кетейік, Манап Өтебаев атындағы Жоғары жаңа технологиялар колледжінің бірінші курс студенті жатақханада көз жұмды. Соққы алған жасөспірім жедел жәрдем қызметі жеткенше жан тәсілім еткен болатын.


Соңғы жаңалықтар