Шымкентте «Шекарасыз ынтымақтастық» халықаралық форумы өтті

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте «Шекарасыз ынтымақтастық» халықаралық форумы өтті. Аталған шараға әлем жастарының өкілдері, халықаралық жастар қозғалысының жетекшілері мен белсенділері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Форумда Шымкент қаласы әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов сөз сөйлеп, әлемнің түкпір-түкпірінен келген жастарға шараның маңыздылығы туралы айтып өтті. «Жастар — бұл әрқашанда қозғаушы күш, локомотив және қазіргі кезде жүргізуші сияқты қоғамның авангарды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2019 жылды Жастар жылы деп жариялаған болатын. Жыл басынан бері елімізде жастарға арналған айтулы іс-шаралар мен бағдарламалар өткізілді. Ал, жуырда Жастар жылының салтанатты жабылуы болып, онда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жастар жылының дәстүрлі жалғасы ретінде 2020 жылды Волонтер жылы деп жариялады. Өйткені, өзіне пайда іздемей ерікті болу, біреуге қуаныш сыйлау тек бойында белсенділігі асқан, өмірлік ұстанымы жоғары жастардың ғана қолынан келеді. Волонтерлік – азаматтық қоғамды нығайтудың маңызды құрамдас бөлігі. Сіздердің ұтымды ұсыныстарыңыз, пікірлеріңіз Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосатын болады»,- деді Ғабит Мәуленқұлов. Басқосуда қатысушылар елімізде жастардың талапты талпыныстарына жол ашылып, білім, ғылым саласында көшбасшылық танытуларына мол мүмкіндіктер жасалып жатқанын атап өтті. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті. Бірқатар елдер арасындағы ынтымақтастық пен байланысты нығайту жайын сөз етіп, өзара пікір алмасты. Кездесу соңында әл-Фараби ауданының әкімі бүгінгі күннің жалындаған кемел жастары қатарынан озып шығып, биіктерден көрініп жүруіне тілегін айтты.

Соңғы жаңалықтар