Шымкентте саудагерден 10 млн. теңге ұрлап кеткен күдіктілер ұсталды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте саудагерден 10 млн. теңгені ұрлап кеткен күдіктілер ұсталды. Қомақты ақшаны сезіктілер өзара бөлісіп, қажеттеріне жаратқан, -деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Абай аудандық ІІБ тәртіп сақшылары жедел  іздестіру шаралары барысында 3 адамнан құрылған қылмыстық топты ұстады. Олар 21 ақпан күні көлігінде отырған 38 жастағы келіншекке күш көрсетіп,  қолындағы сөмкесін алып қояды. Сөйтіп, жәбірленушінің құжаттары мен 10 млн. теңгесін қолды еткен.
 null 

Осы қылмысты ашу мақсатында тәжірибелі полицейлерден жедел іздестіру тобы құрылып, күдіктілердің ізіне түскен. Нәтижесінде осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 21 және 26 жас аралығындағы үш жігіт ұсталды. Олардан ұрланған ақшаның бір бөлігі табылған.

Тергеу барысында сезіктілер қылмысты қалай жасағанын айтып берді. Белгілі болғандай, олар базарда сауда жасайтын жәбірленушіні бірнеше күн бойы аңдыған. Себебі, келіншек күнделікті түскен табысын өзімен бірге алып жүріпті. Сәті түскен күні саудагер көлігімен үйіне жақындаған кезде оны тонап кетеді. Ұрланған ақшаны бөліске салып, қажеттіліктеріне жаратқан.

 Қазір оңай жолмен олжалы болғысы келгендер уақытша ұстау абақтысына қамалды.  Оларға қатысты Қылмыстық кодекстің «Тонау» бабымен іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Өзге де қылмыстарға қатыстылығы анықталуда. 

Соңғы жаңалықтар