Шымкентте санитарлық талапқа сай келмейтін 66,7 келі тамақ өнімі сатылымнан алынды

None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте санитарлық талаптарға сәйкес келмейтін 66,7 келі тамақ өнімдері сатылымнан шығарылды. Оның ішінде энергетикалық сусындар, консервіленген жеміс-жидек және май өнімдері бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандары өнім қауіпсіздігі мониторингі шеңберінде сауда нысандарынан барлығы 1441 сынама алып зерттеді.

Сараптама нәтижесі бойынша 35 өнім сынамасы Кеден одағының техникалық регламенттеріне сәйкес келмейтіні анықталды.

Оның 91,4% - импорттық өнімге тиесілі болса, қалған 8,5% - отандық өндірушілер үлесінде.

«Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама барысында құс еті өнімдерінің 1 сынамасында, аспаздық өнімдердің 2 сынамасында микробиологиялық көрсеткіш бойынша талаптар бұзылған. Сонымен қатар, импорттық энергетикалық сусындардың 3 сынамасында адам денсаулығына қауіпті консервант – натрий бензоатының мөлшерден тыс қосылғандығы белгілі болды. Өнімі талапқа сай келмеген кәсіпкерлік субъектілеріне заңнама талаптарын бұзушылықтарды жою туралы 16 нұсқама беріліп, ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 425 бабының 1 тармағына сәйкес айыппұлдар салынды» - дейді Шымкент қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Ұлжан Әлібаева.


Соңғы жаңалықтар