Шымкентте салынатын жекеменшік мектептерге мемлекеттен қаржы бөлінеді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Шымкентте салынатын жекеменшік мектептерге мемлекеттен қаржы бөлінеді. Бұл туралы қалаға  іс-сапармен келген ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімдігінде вице-министр мен шаһар басшысы  Ғабидолла Әбдірахымов  кездесті. ҚР Білім және ғылым министрлігі мен қала әкімдігі және қалалық өңірлік «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басшыларымен үш жақты келісімге қол қойды.

null
Жиын барысында шаһар басшысы қаладағы  10 жоғарғы оқу орны мен 29 колледжде 106 мың студент білім алып жатқанын атап өтті. Оның ішінде 6614 шәкірт жатын орынмен қамтылғанын, әрі қосымша 8400 орын қажет екенін жеткізді. Елбасының Бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру мақсатында 700 орынды жатақхана салуға өтінім жіберілгеніне тоқталды. Осы орайда ҚР Білім және ғылым министрлігі мен «ЮГ Строй Сервис», жеке кәсіпкер Г.Қайыпова арасында студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету туралы келісім-шартқа қол қойылды.

Жиын барысында қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов министрлік өкіліне Шымкентте демографиялық өсім жыл санап артып келе жатқанын, соның нәтижесінде мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндердің көбейгенін тілге тиек етті. Одан бөлек үш ауысымда оқытатын 19 мектептің мәселесін шешуде орта білім саласына жекеменшік капиталды тарту және жеке мектептер қажет екенін жеткізді. Өз кезегінде Бибігүл Асылова Шымкентте келер жылы жекеменшік 9 мектеп салу жоспарланып отырғанын, министрлік тарапынан жеке инвесторларға қолдау болатынын айтты.

«Мемлекет жаңадан салынатын жекеменшік мектептердің құрылысына жұмсалған қаражатты сегіз жыл көлемінде өтеп береді. Инвестициялық шығындар төленеді. Алайда ол ғимарат 20 жыл көлемінде тек мектеп ретінде пайдаланылуы керек.  Сол жылдарға мемлекет тарапынан келісім-шарт түзіліп, кепілдеме беріледі. Яғни, мемлекеттік тапсырыс бойынша жан басына шаққанда қаражат төленеді. Сонымен қатар, бағдарламаға сәйкес бос тұрған ғимараттарды да мектепке сай келтіру  қарастырылған», - деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова. 

null

Соңғы жаңалықтар