Шымкентте полиция қызметкерінің өзіне қол салуына байланысты қылмыстық іс қозғалды
2022 жылғы 6 сәуір 16:22

Шымкентте полиция қызметкерінің өзіне қол салуына байланысты қылмыстық іс қозғалды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Кеше түнде ауруханаға түскен Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мөлдір Бекеева әлі есін жимады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желіде жазба қалдырған Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мөлдір Бекеева өз-өзіне қол жұмсамақ болған.

«Мен сындым... Сабырым таусылды...» деп басталатын мәтінде ол басшылық тарапынан қысымға түскенін айтқан.

Кеше түнде жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген ол жансақтау бөліміне жатқызылған. Дәрігерлер науқастың әлі есін жимағанын айтып отыр.

«6 сәуір түнгі сағат 01:30-да Т.Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығына жедел жәрдем қызметімен 1991 жылғы пациент ауыр жағдайда жеткізілген. Пациентті дәрігерлер шұғыл түрде тексеріп, жансақтау бөліміне жатқызды. Түскен кездегі жағдайы ауыр, команың І-дәрежесі. Қазір науқас реанимацияда ем қабылдауда. Жағдайы тұрақты ауыр. Алдын ала болжам бойынша пациент суицид жасау мақсатында көп мөлшерде дәрі ішкен болуы мүмкін», - деді қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Лаура Нақыпқызы.

Ал, аталған жайт бойынша Шымкент қалалық полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы Қаратау АПБ ҚР ҚК 105-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастағандығын мәлімдеді.

Айта кетейік, осыдан біршама уақыт алдын Шымкент қаласы полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Мөлдір Бекеева деп көрсетілген аудиожазба әлеуметтік желіде тарап, талқыға түскен болатын.

Онда әйел адамның қызметкеріне жекіп сөйлеп, былапыт сөздер айтқанын естуге болады.

Тіпті жұмыстан босату жөнінде мәселе қарайтындығын жеткізген дауыс иесі әдеп нормаларын сақтамай, аузына келген ағат сөздерді қарша боратқан.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT