Шымкентте полицейлерден қашқан жүргізуші жол апатына ұшырады

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте жол-патрульдік полиция қызметкерлері жол ережесін бұзған көлік жүргізушісін тоқтатпақ болған. Алайда, жүргізуші тәртіп сақшыларының ескертуіне бағынбай, қашып кетуге тырысып, жол апатына түскен, - деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Келеңсіз оқиға түнгі 00.30-дар шамасында Қонаев даңғылы мен Рысқұлов көшесінің қиылысында болған. Жол ережесін өрескел бұзғандарды ұстамақ болған полицейлерге көліктегі жолаушылардың бірі қарсылық көрсетіп, қол көтеруге дейін барыпты. Бұдан соң Әл-Фараби аудандық полиция бөлімшесінің қызметкерлері көмекке келген.

Кейінірек белгілі болғанындай, бұзақылар отырған көліктің жүргізушісі ішімдікке сылқия тойып алған және оның жүргізушілік құжаты да жоқ болып шықты. Ал оның жолаушысы Қырғызстан Республикасының 1990 жылы туған азаматы тәртіп сақшыларына бағынудан бас тартып, өзінің екі танысымен жол сақшыларына күш көрсеткен. Оларды жеңіл жарақаттаған.

Қазіргі таңда осы дерек бойынша «Билік өкіліне күш көрсету» бабымен қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер қамауға алынды. Сондай-ақ сот-медициналық сараптама қорытындысымен «БМВ» автокөлігінің жүргізушісіне қатысты «Көлікті құжатсыз жүргізу», «Көлікті мас күйінде жүргізу» және «Жол апатына ұйымдастыру» әрекеттері бойынша әкімшілік іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Соңғы жаңалықтар