Шымкентте полицей пойыз астына түспек болған жасөспірім қызды құтқарған

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкенттік полицей Жәнібек Өмірбекұлы пойыз астына түспек болған жасөспірімді құтқарып қалды. Полиция капитаны батылдық танытып, жас қызды ажалдан арашалап қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкент қалалық ПД учаскелік полиция инспекторы Жәнібек Өмірбекұлы ішкі істер органында 2013 жылдан бері қызмет етеді. Ел тыныштығын күзетіп, түрлі құқық бұзушылықпен күрес кезінде күн сайын сан мың қауіппен бетпе-бет келіп, өз өмірін қатерге тігеді.

Биылғы 26 наурызда шамамен сағат 18:15-де ол әріптестерімен бірге карантиндік талаптардың және қойылған шектеулердің орындалуын бақылау жүргізген. Бақылау барысында олар алыстан келе жатқан пойыздың астына темір жол рельсіне жатпақ болған 17 жасар жасөспірімді байқап қалған.

Полиция капитанына қызды құтқарып қалуға жанындағы әріптестері Дәурен Майрихов, Біржан Сағынбаев, Дәулет Абубакиров көмектескен. Құтқарылған жасөспірім қыздың ата-анасы және жергілікті тұрғындар көзіне жас алып, полиция қызметкерлеріне алғысын айтқан.

Полиция қызметкерлері суицид жасамақ болған жас қызды полиция басқармасына жеткізіп, профилактикалық сұхбат жүргізген. Нәтижесінде жасөспірім өз қателігін түсінген.

Жасаған ерлігі үшін Жәнібек Өмірбекұлы Ішкі істер министрінің «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталған.

Ол азаматтарға көмектесу, қорғау және құтқару - өзінің басты міндеті екенін айтады.




Соңғы жаңалықтар