Шымкентте пиротехникалық өнімдер саудасы қатаң бақылауға алынған - ТЖД

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жаңа жыл мерекесінан бастап 5 қаңтарға дейін күшейтілген режимде жұмыс істейді. Бұл туралы қалалық әкімдіктің ақпарат-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз мәслихатында қалалық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Мадияр Жақсыбаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мадияр Жақсыбаевтың айтуынша, бұл шаралар жаңа жылды тойлау кезінде пиротехникалық заттарды қолдану барысында орын алатын жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында жүргізіліп отыр. Себебі, желтоқсан айының соңғы күндері отшашудың салдарынан дене жарақатын алған немесе «петарда» атамын деп қолын күйдірген азаматтар, балалар ауруханаға жиі түсіп жатады. Жарылғыш заттан жапа шегетіндердің басым көпшілігі - балалар. Сондықтан, төтенше жағдайлар департаментінің мамандары ата-аналар балаларға отшашудың қаншалықты қауіпті екенін түсіндіріп, тыйым салу қажеттігін ескертеді.

«Жаңа жыл таяп қалды. Қала аумағында осы мерекені өткізетін 567 орын және Президент шыршасына арналған бір алаң белгіленген. Сол орындардың өрт қауіпсіздігін қадағалап, кезекшілік ұйымдастырылуда. Біздің мамандар 5 қаңтарға дейін қалада күшейтілген режимде жұмыс істейді. Жаңа жыл мерекесін қауіпсіз қарсы алайық», - деді Мадияр Жақсыбаев.

Төтенше жағдайлар қызметінің басшылығы қала тұрғындарына сақтық шараларын сақтауды ескертіп өтті.

«Қала тұрғындарына айтарымыз, сақтық шараларына көбірек назар аударыңыздар. Қыс мезгілінде міндетті түрде дауылды ескертулерге көңіл бөлу қажет. Ұзақ жол сапарға шықпас бұрын облыстық және республикалық маңызы бар жолдардың жай-күйі туралы «112» немесе 33-74-84 телефондары арқылы білсеңіздер болады. Осы орайда сіздерге «Дәрмен» тегін қосымшасын жүктеп алып, пайдалануды ұсынамыз. Себебі бұл қосымшада жолдардың жабылуы мен ашылуы туралы, басқа да төтенше жағдайлар туралы хабарламалар жедел түрде жеткізіледі. Сонымен қатар түрлі төтенше жағдайлар кезінде жасайтын іс-қимылдар туралы пайдалы ақпаратты ала аласыздар», - деді департамент басшысының орынбасары.

Соңғы жаңалықтар