Шымкентте парамен ұсталған шенеуніктің ісі сотта қаралды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте парамен ұсталған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Болатбек Төлегенге қатысты бүгін алғашқы сот отырысы басталды. Сотқа қатысқан прокурор шенеуніктің аса ірі көлемде пара алған деп айыптады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Абай ауданының прокуроры Ерлан Тоқсанбаевтың сөзіне қарағанда, Болатбек Төлеген мемлекеттік сатып алу конкурсы бойынша жеңімпаз атанған кәсіпкерден жалпы соманың 30 пайызын, яғни  2 млн 100 мың теңге көлемінде пара талап еткенін айтады.

«Облыстың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін, жетістіктерін насихаттау, қоғамдық-саяси дамуын  жария ету бойынша материалдардың веб-сайтта жариялануын қамтамасыз ету бойынша өткізілген тендерді жеке кәсіпкер Ибраһим Есжанов жеңіп алған. Мемлекеттік сатып алу бойынша  кәсіпкер 7 млн 560 мың теңгені игеру керек болып, басқарма басшысымен келісімшарт түзілген. Алайда басқарма басшысы қомақты ақшадан пара ретінде  2 млн 100 мың теңгені талап етеді. Алдымен параның 1,5 млн теңгесін Ақпараттық талдау орталығы мемлекеттік мекемесінің бөлім басшысы Руслан Сембиев пен қарамағындағы бөлім басшысы Шалкеев арқылы шақырып алған.  Кейіннен қалған 600 мың теңгені сұратқан. Кәсіпкер есеп шотының уақытша істемей тұрғанын айтқанда, шенеунік ақшаны тез жеткізбесе, тиісті құжаттарға қол қоймайтынын айтып қорқытқан» »,- деді сот барысында мемлекеттік айыптаушы Ерлан Тоқсанбаев.

Осыдан кейін кәсіпкер Есжанов  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментіне  арызданыпты. Артынша шенеунік  қалған 600 мың теңгесін алып жатқан сәтте ұсталған. Екі айдан астам уақыт аралығында жүргізілген тергеу барысында оның қылмысы Қылмыстық кодекстің 366-бабы  3-бөлігінің-1 тармағы  «Қорқытып алу жолымен пара алу»  бойынша сараланып сотқа өткен болатын. Алайда сот отырысы кезінде басқарма басшысы өз кінәсін толығымен мойындамады. Сонымен қатар  ол сотқа  БАҚ өкілдерінің қатысуына түбегейлі қарсылық танытты.

Айта кетерлігі, жәбірленуші саналатын кәсіпкер Ибраһим Есжанов сотқа келмеді. Ол бұған дейін облыс әкімдігінің баспасөз қызметінде бірнеше жыл қызмет атқарған еді.

Соңғы жаңалықтар