Шымкентте пара алған судья 7 жылға сотталды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте Қаратау аудандық сотының бұрынғы судьясы Ермахан Шалановқа қатысты сот үкімі шықты.  Сегіз ай бұрын пара алып жатқан жерінен ұсталған судья 7 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Еңбекші аудандық сотының судьясы Мырзалы Жорабаевтың сөзінше, ұсталған судьяның қылмыстық әрекеті толық дәлелденген.

«Айыпталушы сотта өз қылмысын мойындамай, жасаған әрекетіне өкініш білдірген жоқ. Алайда, қылмыстық іс бойынша материалдар толық жинақталып, қылмыс дәлелін тапты. Айыпталушы Қылмыстық Кодекстің 366-бабы 6-бөлігінің 1-тармағымен («Қорқытып алу жолымен пара алу») кінәлі деп танылды. Осы бап бойынша айыпталушы 7 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді. Сондай-ақ өмір бойына мемлекеттік органдар мен сот жүйесінде қызмет атқару құқығынан айырылды»,-деді істі қараған судья Мырзалы Жорабаев.

Еске салайық, судья Ермахан Шалановты осы жылдың 14 қаңтарында Ж.Еркімбековадан 500 мың теңге көлемінде пара алып жатқан жерінен өңірлік Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының қызметкерлері ұстаған болатын. Ол 2014 жылы Шымкент қаласына қарасты Еңбекші аудандық сотына судья болып келгенге дейін Шығыс Қазақстан облысында судьялық қызмет атқарды. Ал 2015 жылдан Қаратау аудандық сотының судьясы болған.

Соңғы жаңалықтар