Шымкентте пара алған қызметкердің басшысы жауапқа тартылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлердің қылмысы үшін бірінші басшылардың жауапкершілігі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сараптама нәтижесіне жүгінсек, жер мәселелерін шешуге жауапты қызметкерлерді, мамандарды іріктеу жағдайы мәз емес. Атап айтқанда, Павлодар облысы жер қатынастары басқармасының басшысы лауазымында қылмыстық ісі тоқтатылған қызметкер жұмыс істейді. Ақтөбеде «Азаматтарға арналған үкімет» облыстық филиалының жер кадастры және жылжымайтын мүлік бөлімінің басшысы қызметінде бұрын жемқорлық үшін сотталған адам отыр. Мұндай фактілер басқа өңірлерде де кездеседі. Біз әрі қарай да мұндай фактілерді анықтап, лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту бойынша шаралар жүргіземіз», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алдын алу департаментінің басшысы Анар Жарова тілшілерге арналған брифингте.

Оның айтуынша, агенттік ұсынысымен Шымкент қаласының жер қатынастары басқармасының басшысы жер мәселелерін шешуде заңсыз сыйақы алып, сотталған орынбасары үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

«Президент қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлығы үшін бірінші басшыларды жауапқа тарту туралы тапсырма берген болатын. Сәйкес түзетулер Парламентке енгізілді, демек жақында заңды түрде басшыларға қатысты шара қолданылады», - дейді агенттік өкілі.

Сонымен бірге, жер қатынастары бөлімшелерінің қызметкерлеріне қатысты тәртіптік жазаны алып, негізсіз сыйақы беру фактілері анықталғанын айтты.

«Мәселен, Екібастұзда жер қатынастары бөлімінің маманы заңмен тыйым салынған тәртіптік жазасы бола тұра, 70 мың теңге сыйақы алған. Ақмола облысында қызметкерден жазаны алып тастау және сыйақы беру бір күнде іске асырылған. Жазаны тез алып тастаудың ешқандай алдын алу әсері болмайды, бұл қызметкерге жазаланбау сезімін ұялатып, жемқорлыққа жол ашады. Мұндай жағдайларға тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырамыз», - деді Анар Жарова.

Соңғы жаңалықтар