Шымкентте өзіне қол жұмсамақ болған бозбала құтқарылды

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Шымкентте көпірден секіруге оқталған 19 жастағы жігіт құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға 23 қараша күні сағат 21:30 шамасында болған. 19 жастағы жігіт Темірлан тасжолы мен Мангелдин көшесінің қиылысындағы көпірден секіруге оқталған. Байланыс құралдары арқылы шұғыл ақпарат алған 6506 әскери бөлімінің жасақтар бойынша кезекшісі, аға лейтенант Сержан Сағынбек бірден шара қолданады. Ол дереу қарамағындағы жауынгерлер – ефрейтор Нұрдәулет Оразбаев пен қатардағы Виталий Кочетковпен бірлесіп, хабарламада көрсетілген мекенжайға жылдам жетеді.

«Айтылған жерге келсек, расымен де жас жігіт көпірден өзін-өзі тастауға дайын тұр екен. Бірден оған бет алып, райынан қайтаруға тырыстық. Ол «Өмір сүргім келмейді», «Өлгім келеді» деп айқайлады. Ептеп көпір қоршауының бергі жағына өткіздік», - дейді Сержан Сағынбек.

Жедел әрі кәсіби түрде әрекет еткен әскери қызметшілер жас жігітпен жақынырақ сөйлесіп, бұл ниетінің дұрыс еместігін түсіндіреді. Сол маңнан өтіп бара жатқан адамдар да жігітті бұл әрекетінен бас тартуға шақырады. Бозбаланы тыныштандырып, оқиға орнына келген тәртіп сақшыларына тапсырады. Істің мән-жайын анықтау мақсатында 2003 жылы туған азамат Абай ауданының полиция басқармасына жеткізілді.


Соңғы жаңалықтар