Шымкентте өзенге батқан бүлдіршінді құтқарған оқушылар марапатталды

None
Фото: gov.kz
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаментінде 6 жасар баланы құтқарған оқушылар марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТЖМ ресми сайтына сілтеме жасап.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің бұйрығымен Рамазан Аманкелдиев пен Ердәулет Шыңғысхан баланы құтқарғаны үшін алғыс хатпен марапатталды.

Естеріңізге сала кетейік, оқиға 10 мамыр күні Шымкент қаласының Игілік тұрғын алабындағы Бадам өзенінде болған.

Бадам өзеніне шомылуға келген бір топ бала кішкентай бүлдіршіннің суға батып кеткенін айтады.

Алғашқы сәтте бұған сенбеген Ердәулет пен Рамазан оқиға орнына барады.

Сол мезетте су бетінде баланың денесі қалқып жүргенін көріп қалып, құтқару үшін өзенге секіреді. Сөйтіп баланы жағаға алып шығады.


«Рамазан Аманкелдиев құтқарылған бүлдіршіннің іші ісіп, өзі көгеріп келе жатқанын байқайды. Тез арада реанимациялық іс-әрекеттер жасайды. Ол шаршаған соң қасындағы Ердәулет Шыңғысхан әрі қарай жалғастырады. Тоқтаусыз жасаған әрекеттер нәтижесін берді. Жас баланың ауызынан су шығып, демала бастайды. Өзіне келген бала не болғанын түсінбей жылайды. Мұны көрген Рамазан мен Ердәулет қуанып кетеді. Осылайша дер кезінде екі жасөспірімнің алғашқы көмегінің арқасында кішкентай бала аман қалды» делінген хабарламада.

Бүгінгі күннің батырлары қаладағы №128 жалпы орта мектепте оқиды.

Ердәулет Шыңғысхан 8-сыныпты бітірсе, Рамазан Аманкелдиев 9-сыныпты тәмамадады.

Айта кетейік, Бадам өзенінде шомылуға тыйым салынған.

Шымкент қаласында шомылуға арналған 13 орын бар, олардың тізімі Шымкент қаласы ТЖ департаментінің сайтында тұр.


Соңғы жаңалықтар