Шымкентте отпен ойнап жүріп ғимаратты өртеп алған екі бала құтқарылды

Фото: None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттік өрт сөндірушілер жанып жатқан ғимараттың жертөлесінен екі баланы құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 11 және 10 жасар жеткіншектер құрылысы бітпеген ғимараттың жертөлесінде отпен ойнаған.

Сол кезде өрт шығып, жертөленің іші қара түтінге оранған. Екеуі де қара түтіннен ештеңе көрмей, қою түтінге тұншығып қалған.

Сыртқа шыға алмай қалғандықтан біреуі оқиға орнына құтқару қызметін шақырған.

«Тез арада оқиға орнына мамандандырылған жасақ қызметкерлері жөнелтілді. Жертөледе 6 шаршы метр қоқыс жанған. Түтінге тұншығып, үрейге бой алдырған балалармен «112» қызметкерлері үнемі хабарласып отырған. Жедел кезекшінің нұсқауы бойынша балалар үстіндегі киімімен тыныс жолдарын жауып, барынша түтіннен қорғану амалдарын жасап отырған. Өртті сөндіруге 3 техника, жеке құрамнан 13 адам, апаттар медицина орталығы бригадасы жұмылдырылды. Өрт сағат 19.12-де оқшауланып, 19.31-де толығымен сөндірілген» делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар