Шымкентте өтіп жатқан «Tartyl fest» фестиваліне екі мыңға жуық адам қатысуда

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте өтіп жатқан «Tartyl fest» турникке тартылу фестиваліне екі мыңға жуық адам қатысуда. Олардың арасында зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар және қыздар да бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шым шаһарда бүгін +45 +47 градустық аптап ыстық болуына қарамастан «Мұз сарайына» келуші тұрғындардың қарасы қалың. Спорттық шараға әсіресе жастар көптеп қатысуда. Фестивальді ұйымдастырушы қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен «Дара» дарындыларды қолдау қоры өкілдері күні кеше екі мыңға тарта адам онлайн түрде тіркелгенін айтады. Таңғы сағат 8:30-дан бері жеті жүзге тарта қатысушы турникке тартылу шеберліктерін көрсеткен. Олардың арасында жасы үлкені 65 жаста. Сондай-ақ, онға тарта бойжеткен де бар. Қатысушылар тек Шымкент қаласынан емес, Түркістан облысының аудан-қалаларынан да келіп қатысуда. Мәселен Мейрамбек Жақсылықұлы Арыс қаласынан келген. Өзінің мүмкіндігі шектеулі екеніне қарамастан ол өзі секілді жігіттермен бағын сынауда.

«Жарысқа өзімнің күшімді сынап, бақталастарыммен бірге өнер көрсеткім келді. Бұған дейін де осындай жарыстарға қатысқанмын. Өткен жылы әскерилердің «Айбын» республикалық жарысқа қатысқанмын. Онда бас жүлде алғанмын. Ең көп тартылғаным 27-30-ға дейін болған. Қазір сол отыз рет тартыламын деген сеніммен келдім. Кезегім де жақындап қалды, бар күшімді салуға тырысамын»,- дейді Мейрамбек Жирен.

Жастарды спортқа баулу және салауатты өмір салтын сақтауға шақыру мақсатында ұйымдастырылатын шараға қатысушы Бекасыл Қасымбек 23 жаста. Ол аталған фестивальдің жүлде қорына қызығып қатысып жатқанын айтады.

«Бұл фестиваль туралы мен инстаграм парақшасынан көріп қалдым. Қомақты жүлде қоры бар болғасын бағымды сынап көрейін дедім. Турникке тартылғандардың нәтижелерін қарасам көптеу екен. Мен жиырма рет тартылып жүргем. Бастысы қатысып көрем. Өзіме ұнады. Алғаш рет ұйымдастырылып отыр екен. Мен үшін керемет жоба. Өйткені жастарды спортқа баулуға үлкен септігін тигізеді деп ойлаймын»,- дейді Бекасыл Қасымбек.

Қазірдің өзінде фестивальде 500-ге тарта қатысушы өз бақтарын сынап көрген. Ұйымдастырушылар олардың турникке 6700 рет тартылғанын айтады.
Ал, шымкенттік жігіттердің бірі Азамат Сапар турникте 41 рет тартылды. Сөйтіп бұған дейін 40 рет тартылған алматылықтың рекордын жаңартты. Ол өзінің бұл жарыс өтетінін ести сала тыңғылықты дайындалғанын айтады. Әзірген оның көрсеткіші ең үздік болып тұр.
Қалған қатысушылар кешкі сағат жетіге дейін тартылуға мүмкіндіктері бар.

Айта кетейік, бұған «Tartyl Fest» турникке тартылу бойынша үшінші республикалық спорт фестивалі Қонаев қаласында басталған болатын. Сондай-ақ, Талдықорған, Алматы, Тараз қалаларында жалғасын тапты. 10 шілде - 8 қыркүйек аралығында өтетін шара еліміздің 20 қаласында ұйымдастырылып, әр қаладан 27 жеңімпаз анықталуда. Олар Нұр-Сұлтан қаласында өтетін гранд-финалға қатысады деп күтілуде. Гранд-финалдың жүлде қоры - 54 млн теңге. Ал, Гранд-финал чемпиондары Street Workout бойынша әлем чемпионатына қатыса алады.



Соңғы жаңалықтар