Шымкентте онкологтар 49 жастағы азаматтың бойындағы ісікті тіліксіз алды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкент қалалық онкологиялық орталығында сол өкпесінің төменгі бөлігінің ісігі диагнозы қойылған 49 жастағы науқасқа видеоторакоскопиялық әдіспен ота жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Операция барысында мамандар ісікті аппараттың көмегімен тіліксіз алып тастады.

Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, науқастың өкпесіндегі ісік флюрографиялық тексеру кезінде анықталып, онкологиялық орталыққа жолдама арқылы келген. Ота жасалған күні-ақ науқас жансақтау бөліміне емес, бірден палатаға ауыстырылды.

Онкологиялық орталықта екі жылдан бері отаны видеоторакоскопиялық әдіспен жасау қолға алынған. Мұндай отаның артықшылығы көп. Науқас операцияны жеңіл көтереді және асқынулар өте сирек кездеседі. Сондай-ақ, науқас наркотикалык анальгетиктер қабылдамайды.

«Операция болған күні науқас өздігінен жүріп, ауруханадан 3-4 күнде үйіне шығарылады. Осы әдіспен жасалған отадан кейін науқас оңалтуды қажет етпейді. Мұндай видеоторакоскопиялық әдіс өкпе қуысы органдарының қатерсіз және алғашқы сатыдағы қатерлі ісіктері кезінде қолданылады», -дейді жоғары дәрежелі хирург Самат Исмаилов.

Онкологтар қала тұрғындарына жылына бір рет фоюрографиялық тексеруден өтіп, өкпеден ісік белгілері табылған жағдайда міндетті түрде медицина маманның кеңесіне жүгіну керектігін ескертеді.


Соңғы жаңалықтар