Шымкентте өлі туған сәбидің жүрегі бір күн бұрын тоқтап қалған – дәрігерлер

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте нәрестенің жүрегі босанардан бір күн бұрын тоқтап қалған. Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына қарасты орталықтың дәрігерлері осылай деп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, күні кеше Гүлнар Тастанбекова есімді тұрғын қызы Салтанат Тұяқбайдың №2 облыстық периналдық орталықта босанғанын және оның сәбиі дәрігерлердің кесірінен өлі туғанын айтып, кінәлаған болатын. Оның сөзінше, жүкті қызы перзентханаға өткен жұмада түскен. Алайда бірер күннен соң толғақ басталып, дәрігерлер салғырттық танытқан. Ол дәрігерлерді «тез арада кесарь тілігін жасамай, соның кесірінен немеремнің жүрегі тоқтап қалды» деп айыптаған еді.
Бұл жағдайға байланысты бүгін қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы тиісті жауабын берді. Мамандардың мәліметінше, жатырдағы нәрестенің жүрегі іште жатқанда тоқтап қалған.
«Салтанат Тұяқбай орталыққа 7 қыркүйек күні гестациялық гипертензияның жеңіл дәрежесімен, жүктіліктің 36 апта 1 күн мерзімінде түскен. Оған қатысты медициналық тексеру жүргізілген. Науқастың жағдайы қанағаттанарлық жағдайда еді. Ал 9 қыркүйек күні жатыр ішіндегі баланың жүрегі соқпай қалғаны анықталды. 10 қыркүйек күні жас ананы өздігінен босандыруға әрекет жасалып, ол аман-есен босанды. 12 қыркүйекте босанған әйел үйіне шығарылды. Қазігі таңда бұл жағдайға байланысты тиісті тексерулер жүріп жатыр. Оның қорытындысы 10 күннен соң шығады. Әзірге сәби іштегі инфекция жұқтырудан қайтыс болған деген болжам бар. Жас ананың жатыры аман, тағы да өмірге сәби әкелуге мүмкіндігі бар» делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар