Шымкентте нөсер жауыннан үйлердің аулалары мен көшелерді су басты

None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте нөсер жауыннан үйлердің аулалары мен көшелер суға толып кетті. Қаланың құтқару мен коммуналдық шаруашылық қызметі жауын-шашынның салдарын жоюға жұмылдырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, Дағдарыс орталығының жедел штабында үйлестіру жұмыстары атқарылған. Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Тұран және Қаратау аудандарында 26 көшеге жиналған суды сорғызу жұмыстары жүргізілді. Абай ауданында Гагарин мен Төрткөл көшелерінде, Ынтымақ бөлімшесі мен Темірлан тас жолында су сору жұмыстары жүргізілді. Тұран ауданында Құрсай мен Спорт шағын ауданында, Бөгенбай батыр мен Құлан төбе көшелерінде суды шығару жұмыстары жүргізілді. Ал, Республика даңғылы бойындағы жер асты өткелі суға толып кетті.

Еңбекші ауданында Қапал батыр көшесі бойындағы көпір астына, Қаратау ауданында Нұрсат мөлтек ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің жер төлелерінде су жиналды. Бұл аумақтарда барлығы 2585 текше метр су шығарылды. Құм толтырылған 600 қап пайдаланылып, тұрғын үйлерді су басу жол берілмеді. Мұнда зардап шеккендер жоқ. Суды шығару жұмыстарына ТЖ департаментінің 150 қызметкері, 37 техника, 23 мотопомпа, бір ПМП-300 жұмылдырылды. Кешке дейін Абай ауданы аумағында су басу қауіпі бар аумақтарда арнайы кезекші бригадалар мен әкімдік қызметкерлері жедел әрекет ету шараларын жүргізді. Қатынкөпір, Майлин, Мәметова, Ақжайық, Еділбаев, Самал, Шұбаркөл шағынаудандары мен көшелерінде, Өтегенов және Төлеметов көшесінің қиылысына техникалардың көмегімен су тарту жұмысы атқарылуда. Сонымен қатар, Бекжан базар аумағындағы тоннел де бақылауға алынған. Бұл жұмыстарға жалдамалы арнайы 13 ассинизатор техникасы қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасымен бірлесе су тарту жұмыстары жүріп жатыр. Ирригация жүйесін тазалауға 80 жұмысшы қызметкерлер жұмылдырылып, арық-атыздардың бітелген жерлерін ашу жұмыстарын жүргізіп, су өткізгіш қабілетін арттыруда. Қазіргі таңда жаңбыр тоқтағанымен, барлық аудан аумағынан ағып өтетін каналдармен өзендерден тұрғын үйлерге келетін қауіптер бақылауға алынды. Әрі қадағаланып жатыр.
Соңғы жаңалықтар