Шымкентте муниципалдық полицияның жаңа басшысы тағайындалды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Данияр Мейірхан Шымкент қаласындағы муниципалдық полицияның басшысы қызметіне тағайындалды.

Жаңа басшы муниципалдық полици қызметінің жеке құрамына таныстырылды. Ұжымға басшыны таныстырған Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов бұл ведомствоның Шымкентті үшінші мегаполис етіп қалыптастыруда басты тірек болатынын атап өтті. Бұзақылар, тонаушылар, тәрбиесі қиын жасөспірімдер, әйелдер мен балалардың құқықтарын таптайтындармен күресте барлық үміт енді жергілікті полицияға артылып отыр. Бұдан басқа, жаңа қызметкерлердің алдында жолдарда тәртіпті орнату бойынша жұмысты жандандыру міндеті тұр. Шымкент жүргізушілерінің жолдағы тәртібі туралы елде алып-қашпа әңгімелер тарап жатыр, әлеуметтік желілерде де жолдардағы тәртіпсіздіктер туралы роликтер көру жағынан рекордтар орнатуда.

«Кейде ютубты қараған кезде, жүргізушілердің полицейлерді қорлап отырғанын көресің. Видеотіркеушілерді орнатып, өздерін мәдениетсіз ұстайды. Бұған жол берілмеуі тиіс. Полиция қызметкерлері - офицерлер, азаматтар оларға бағынуы тиіс. Сондықтан жергілікті полиция қызметкерлерін жүргізушілерге сауатты жауап беруді үйрету керек. Бұл жұмысты тұрғындардың полицияны, ал полицияның тұрғындарды құрметтеуі үшін өткізу керек», - деді Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымов.

Шымкенттегі жергілікті полицияның жұмысын күшейту үшін жас жетекші Данияр Мейірхан шақырылды. Ол ішкі істер органдарындағы қызметін 2003 жылы жедел қызметтен бастаған. Одан кейін Ақтөбе облысынан Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментіне қызметке ауысқан. Осы жылдары облыстың жол полициясы басқармасында қызмет атқарып, аймақтағы есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасын, Шымкент ішкі істер басқармасын басқарған. Жергілікті полицияның бастығы қызметіне Сайрам аудандық ІІБ-ның басшысы қызметінен ауысқан. Онда Данияр Мейірханұлы мал ұрлығына қарсы күресті жаңа деңгейге көтере алды. Соңғы 4 айдың ішінде ғана ауданда мал ұрыларының екі ұйымдасқан қылмыстық тобы жойылып, жәбірленушілерге келтірілген шығын өтелді. Жаңа қызметте жаңа міндеттер қойылады, деп мойындайды Данияр Мейірханұлы, бірақ тәулігіне 18 сағат жұмыс істеу - ол үшін үйреншікті іс.

«Азаматтардың өмір сапасын жақсарту - күрделі міндет. Ол елдің үшінші мегаполисі Шымкент үшін ерекше маңызды. Қалада достық атмосферасын қалыптастыру үшін азаматтардың өмір қауіпсіздігі мен денсаулық жағдайын арттыру, олардың жайлы тұруын қамтамасыз ету маңызды. Біздің ведомствомыз сонымен айналысатын болады», - деді Данияр Мейірхан.

Шымкенттегі жергілікті полицияның басшысы қаланың қоғамдық белсенділерін ынтымақтастыққа шақырып жатыр. Оның айтуынша, осылайша Шымкентті тезірек ең қауіпсіз қалаға айналдыру мүмкін болады. Айта кетейік, ОҚО-да жергілікті полицияның бастығы да тағайындалған. Бұл қызметке бұған дейін ОҚО ІІД-нің көші-қон басқармасын басқарған Балтабек Абылаев кірісті.

Еске сала кетейік, жергілікті полиция қызметі елде биылғы жылдың қаңтар айынан бастап жұмысқа кірісті. Ол қоғамдық тәртіпті орнату, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тәртіп бұзушылықтардың алдын алу бойынша міндеттерді іске асырады.

null
null

Соңғы жаңалықтар