Шымкентте монополистерге 100 млн теңгеден астам айыппұл салынған

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте жыл басынан бері келіп түскен 212 арыз бойынша жүргізілген жоспардан тыс тексерудің нәтижесінде монополистерге 100 млн теңгеден астам айыппұл салынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ақпараттық-коммуникация қызметінде өткен баспасөз брифингісінде ҚР ҰЭМ ТМР комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Д. Қайынбердиев атап өтті.

Департамент басшысының сөзінше, қазіргі таңда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған тарифтер мәселесімен жүйелі әрі нақты айналысып, табиғи монополистердің тауарлары мен көрсететін қызметтері бойынша бағаны реттеу мәселелері бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Монополистерге салынған айыппұлдардың қазіргі таңда 41,2 млн теңгесі өндірілген.

«Заңнаманы бұзушылықтарды тез арада жою туралы 35 нұсқама шығарылып, тұтынушылардан негізсіз алынған 286,6 млн теңге қайтарылған. Мәселен, газбен жабдықтау – 251,6 млн теңге, жылу энергиясы бойынша – 34,7 млн теңге, кірме жолдар бойынша – 331,5 мың теңге»,- дейді Д. Қайынбердиев.

Департамент басшысының айтуынша, монополистер өтінімдері мен есептерін электронды түрде тапсырады. Бұл «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыра отырып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған қадам.

Бүгінде департаментте 53-42-66 сенім телефоны іске қосылып, жеке және заңды тұлғалардың арыздары мен ұсыныстары үшін арнайы жәшіктер де орнатылған.

Соңғы жаңалықтар