Шымкентте менингитке шалдыққандар саны көбейіп барады

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте менингитке шалдыққандар саны көбейіп отыр. Соңғы алты айда cерозды менингитті 40 адам жұқтырған. Ал, 3 науқасқа менингококк инфекциясын жұқтырды деген диагноз қойылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәрігерлердің айтуынша, менингитке әсіресе 5 пен 14 жас аралығындағы балалар жиі шалдығады. Ауруханада жатқан науқастардың арасында менингококк инфекциясын жұқтырған 2 жасөспірім бар. Ми құрты ауруының бұлайша өршіп кетуіне, шіліңгір шілденің ыстығы да себеп болған.

Мәселен, осы ауруды жұқтырған 7 жасар баланың әкесі Бағдат Үмбетәлиев аптап ыстықта баласы хауызға шомылғанын айтады. Ал, кешкісін баласының басы ауырып, тоқтаусыз құсқан. Дене қызуы 39 градусқа дейін көтерілген соң жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізген.

«Дене қызуы түспеген соң, жедел жәрдем шақырып, ауруханаға алып келдік. Бізге диагнозын менингит деп қойды. Өте жоғары, жұқпалы түрі дейді. Бұл аурудың қайдан келгенін білмейміз. Судан ба, күннен бе, салқын тиді ме? Бассейнге барған, содан ба деп ойлап отырмыз»,- дейді қала тұрғыны.

Мамандардың айтуынша, бұл кесел ми мен жұлынның жұмсақ қабықтарының қабынуынан туындайды. Көпшілік орындарда тазалық сақталмауының салдары адам өліміне дейін әкеліпп соғуы әбден мүмкін.

«Бізде жаз мезгілінде энтеровирусты cерозды менингит жиі болады. Негізінде олар жазда жасөспірім балаларда көп болады. Өйткені, олар жабық бассейндерге көп барады. Ол жақтағы су ешқайда ақпайды, бір жерде тұрып қалады. Сол жерлерде серозды менингит жұқтырады. Егер баланың дене қызуы көтерілсе, басы ауырып, құсса, тез арада дәрігерге көрсету керек. Ол ауру бір күнде біліне бермейді, кей балалар екі-үш күннен кейін ауырады. Кейде бірден басталып кетеді»,- дейді Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі Жанар Жайықбаева.

Соңғы жаңалықтар