Шымкентте «Менің Қазақстаным» атты патриоттар форумы өтті

None
None
АСТАНА. 4 маусым. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі және облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен Шымкент қаласындағы «Тәуелсіздік» монументі мен Мемлекеттік рәміздер алаңында «Менің Қазақстаным» атты патриоттар форумы өтті. Шараға облыстық және аумақтық басқармалар мен департаменттердің басшылары, зиялы қауым, саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдар мен ұлттық-мәдени орталықтардың, жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Форум жұмысы барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов сөз сөйлеп, түрлі салаларда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан азаматтарға алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етті. Сонымен қатар, облыс прокуроры, аға әділет кеңесшісі И.Иманов, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Т.Өмірбек, облыстық «Южный Казахстан» қоғамдық-саяси газеті бас редакторының орынбасары В.Кремер, Сарыағаш аудандық тәжік ұлттық-мәдени орталығының мүшесі, Б.Гафуров атындағы №32 орта мектебінің мұғалімі Г.Мажитова және т.б. сөз сөйледі. Шара облыс өнерпаздарының концерттік бағдарламаларына ұласты.

«Мемлекеттік рәміздер - Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Гимн - егемен еліміздің, тәуелсіз мемлекетіміздің ең басты құндылықтары. Бүгінде еліміздің көгілдір Туы Біріккен Ұлттар Ұйымында, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымында, тағы басқа да халықаралық ұйымдарда желбіреп, Қазақстанның абыройын асқақтата түсуде. Қазақстанның тәуелсіздігімен бірге оның Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы және Гимні дүниеге келді. Мемлекеттік рәміздерді Қазақстанды - Отаным деп санайтын әрбір азамат аса құрмет тұтады, баға жетпес бақыт санайды», - делінген баспасөз баянында.

Соңғы жаңалықтар