Шымкентте мемлекетке 1 млрд теңге залал келтірген тұрғын сотталды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент тұрғыны мемлекетке 1 миллиард теңге көлемінде залал келтіргені үшін сотталды. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Агенттіктің Шымкент қаласы бойынша аумақтық департаменті салық төлеуден жалтару мақсатында жосықсыз кәсіпкерлерге жалған шот-фактуралар жазып берген азамат А.Махатаевтың заңсыз әрекетінің жолын кесті.

Тергеу мәліметтері бойынша, А.Махатаев 2017-2020 жылдар аралығында өзінің туыстары мен таныстарының атына «Мейір құрылыс», «Тыныштық 2018», «Элит Капитель», «МАГМА-2018», «Ашимов и Ко», «A L A T A U K», «S-Industry», «БЕС ҚАСҚА», «ЖОРҒА 2019», «ИНТЕРТРАНССЕРВИС-2020», «Eхcellent», «УГАМ 2018», «005», «Эверест К» ЖШС14 кәсіпорынды тіркеген.

Аталған кәсіпорындар контрагенттерге төлемдерді төлеуден жалтаруға жәрдемдесу үшін және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру мақсатынсыз құрылған.

Бұл фирмалардың кеңселері, қызметкерлер штаты, өндірістік-техникалық базасы және қоймалық үй-жайлары болмаған.

Заңсыз әрекеттердің нәтижесінде мемлекетке 1 млрд. теңгеден астам мөлшерде залал келтірілді.

А.Махатаев 4 жылға бас бостандығынан және 10 жылға кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айырылды.

Келтірілген залал сомасы мемлекет кірісіне айналдырылды.


Соңғы жаңалықтар