Шымкентте медбикені ауруханада зорлады деп айыпталған дәрігер сотта ақталып шықты

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте медбикені ауруханада зорлады деп айыпталған дәрігер сотта ақталып шықты. Бұл туралы аталған істі қараған Әл-Фараби аудандық сотының судьясы Сәбит Төреханов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Судьяның сөзінше, істі қарау барысында Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының дәрігері зорлық әрекеттерін жасағаны туралы айыптаулар дәлелін таппаған.

«Айыпталушы Н–ге қатысты Қылмыстық кодексінің 120-бабы 1-бөлігі және 121-бабының 1-бөлігімен іс сотта қаралған. Сот барысында айыпталушы өзінің кінәсін мойындаған жоқ. Ал, сот-биологиялық сараптама мен бес куәгердің жауабы жәбірленуші К-нің айтқандарын растамады. Сотта сондай-ақ, тергеу барысында бірнеше заңбұзушылыққа жол берілгені анықталып, сол істі қараған тергеушіге қатысты жеке қаулы шығарылды. Бұл қаулы қызметтік тексеріс жүргізуге және шара қолдану үшін қалалық ПД бастығына жолданды. Сот үкімімен айыпталушы толық ақталып шықты»,- дейді судья Сәбит Төреханов.

Соттың мәліметінше, аталған сот отырысы жабық жағдайда өткен. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Тараптар сот үкімімен келіспеген жағдайда жоғары сатылы сотқа шағымдануына болады.

Еске салайық, бұған дейін Облыстық клиникалық ауруханасының медбикесі өзін дәрігер-нефролог зорлады деп айыптаған болатын. Бұл іс бойынша тергеу амалдары жүргізілген. Сондай-ақ, медбикеге «Не молчи» атты қоғамдық ұйымның ерікті заңгерлері де араша түсіп, заңдық тұрғыда қолдау көрсеткен болатын.

Соңғы жаңалықтар