Шымкентте маңызды көпір пайдалануға берілді

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен Шымкенттің Қапал батыр көшесіндегі көпір пайдалануға берілді. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Өңір басшысы салтанатты шараға қатысушыларды темір жол үстінен өтетін өткелдің қайта құру жұмыстарының аяқталуымен құттықтап, жаңа нысанның ел игілігіне қызмет етуіне тілектестік білдірді.

«Елбасының тапсырмасына сәйкес, Шымкент еліміздің үшінші мегаполисіне айналуда. Ал мегаполис ұғымы халық санының артуымен өлшенбейтіні белгілі. Осы дәрежеге лайықты болу үшін барлық салада өсу және даму жоғары қарқын алуы қажет. Қаланың осы талаптарға сай болу бағытында бірқатар жұмыстар атқарып келеміз. Соның бір дәлелі - бүгінгі пайдалануға берілген көпір. Бұл - тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмір сүруіне ыңғайлы жағдай жасаудың көрінісі. Алдағы уақытта жол кептелісінің алдын алу мақсатында шаһардағы бірнеше жерден жолайрықтар салу экономикалық-әлеуметтік даму жоспарына енгізілді», - деді Ж.Түймебаев.

Айта кету керек, тоғыз жолдың торабында орналасқан көпір 1960 жылы салынған болатын. Бастапқыда ені 9 метр болған жүріс бөлігі қайта құру жұмыстарынан соң 21 метрге дейін кеңейді. Сондай-ақ, көпірдің жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, апатты жағдайы жойылды. Нәтижесінде, Төле би, Қапал батыр, Ақназар хан, Анаров көшелерінде көлік тығындары азайды.

Нысан жұмыстарына «Корпорация Береке А» ЖШС мердігерлік етсе, техникалық қадағалаушы болып «ЕрГарантСтрой» ЖШС, ал жобалаушы мекеме ретінде «Алматы Жоба» ЖШС мекемесі құрылыс жұмыстарын жүргізді. Қайта құру кезінде 100-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

Жалпы, облыс бойынша жыл басынан бері ұзындығы 800 шақырым болатын облыстық маңызы бар жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары және елді мекен көшелеріне күрделі және орта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Салаға жауапты мамандардың айтуынша, жоғарыда аталған барлық көпірлер мен 664,7 шақырым жол (282 нысан) жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.  Оның ішінде, 17 көпір де бар.

ФОТО: Мақсат Шағырбаев

 

Соңғы жаңалықтар