Шымкентте латын графикасына көшу жайы талқыланды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте «Тіл. Тәуелсіздік. Тағылым» атты ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келді деп есептеймін» деген болатын. Осы орайда, Шымкентте тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру және жаңа әліпбиге көшу барысы талқыланды.

Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы ұйымдастырған «Тіл. Тәуелсіздік. Тағылым» атты ғылыми-практикалық конференцияға Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық-ғылыми практикалық орталығының ғалымдары, зиялы қауым өкілдері, тіл мамандары мен жанашырлары қатысты.

«Қазіргі ұсынылған латын қарпі нақты үлгі емес дейтіндер бар. Тарихты зерделесек, кириллицаның өзі 10 жыл бойы әртүрлі жазылып келген. Сондықтан бүгінгі латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің кем-кетіктері анықталып, сосын барып жүйеленеді», – деді Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық-ғылыми практикалық орталығының ғалым-хатшысы Анар Фазылжан.

Конференция барысында сот, денсаулық саласындағы терминология мәселелері сөз болды.

«Салада қаралып жатқан сот істерінің 60 пайызы мемлекеттік тілде жүргізіледі. Нағыз қазақы аймақ дегенімізбен, бұл тұрғыда өзекті мәселелер әлі де бар», - деп атап өтті Шымкент қалалық сотының ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Қ.Дүйсенби.

Ал Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық-ғылыми практикалық орталығының ақпараттық технология және сараптама басқармасының маманы С.Қабылов бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыруға IT саласындағы сарапшылар тартылып, жұмыс топтары құрылып жатқанын жеткізді.

Жиын соңында ана тіліміздің беделін көтеріп, насихаттауда белсенділік танытқан бірқатар азаматтарға Алғыс хат табысталды.

Соңғы жаңалықтар