Шымкентте Қызыл кітапқа енген жануарлар саудаға салынған

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте Қызыл кітапқа енгізілген жануарлар саудаға салынған. Зообақ жұмысына тексеру жүргізген өңірдің табиғат қорғау прокуратурасы 10 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғады, -деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Табиғат қорғау прокуратурасы берген мәліметке сәйкес, хайуанаттар бағының қызметкерлері жеке тұлғалардан Қызыл кітапқа енген жануарларды сатып алыпты.

Сұр кесірткені 15 мың теңгеге сатып алса, жыланшы бүркітке 40 мың теңге төлеген. Осылайша Қызыл кітапқа енген аң-құсты саудаға салуға болмайтынын біле тұра заңбұзушылыққа жол берген. Бұл туралы құзырлы органдарға хабарламаған.

Зообақтағы кемшіліктер бұл ғана емес. Бақ басшылығы сондай-ақ үш жыл көлемінде  ерекше қорғалатын табиғи аумақты пайдаланғаны үшін бюджетке төленетін 21 млн теңгеден астам міндетті төлемдерді аудармай келген. Бұдан бөлек, бақтағы аң-құстар дер кезінде карантинге қойылмай, тиісті талаптар сақталмаған, - дейді прокуратура қызметкерлері. 

Қазіргі таңда Қызыл кітапқа енгізілген жануарларды заңсыз саудаға салу дерегі бойынша кінәлі тұлғалар анықталып, іс процессуалдық шешім қабылдау үшін ішкі істер органдарына жолданған.

«ОҚО мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы «Шымкент мемлекеттік зоологиялық паркінде» жүргізілген тексеру қорфтындысымен зообақ басшылығы мен қызметкерлеріне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің әр түрлі баптарымен 10 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғап, кінәлі тұлғалар 745 мың теңгеден астам әкімшілік айыппұлға жазаланды. Қазіргі таңда салынған айыппұлдардың 397 мың теңгесі өндірілді», - дейді Табиғат қорғау прокуратурасы басқармасының бастығы Д.Мағауин.

Соңғы жаңалықтар