Шымкентте қызметтік көліктерді жеке мақсатта пайдаланғандар ұсталды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте қызметтік көліктер жеке мақсатта пайдаланылып жүрген. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен полицейлер бірлесе жүргізген рейд барысында анықталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған департаменттің  мәліметінше, Түркістан облысының білім басқармасы басшысына тиесілі  көліктің жүргізушісі рұқсатсыз мініп жүргені анықталды.

«12 қазан күні сағат 22:34-те Ерімбетов көшесінің бойында мемлекеттік тіркеу нөмірі   107 AV /13 Toyota camry қызметтік автокөлігінің  құжаттарын қарау барысында жүргізушінің жолдама парағында оның медициналық тексеруден өткендігі жайлы белгі мен автокөліктің гараждан шығу және кіру мерзімдері көрсетілмеген. Дәл осындай жағдай  Түркістан облысының экономика басқармасына тиесілі қызметтік автокөлікті тоқтату барысында да анықталды. Яғни, аталған автокөліктер оның жүргізушілерінің өз қалауы бойынша мерзімсіз басқаруда болған», - дейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы   іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бас маманы Е.Сейдалиев.

Сонымен қатар, рейд барысында түнгі сағат 21:16-да қалалық  әуежайдың автотұрағында Түркістан облысы әкімінің аппаратына тиесілі  көліктің құжаттары тексерілген. Мемлекеттік тіркеу нөмірі  Х 088 ОК Toyota corolla жүргізушісі Е.Нурманов жұмыстан тыс уақытта қызметтік автокөлікті жеке мақсатқа пайдаланып жүргені анықталды. Барлық жүргізушілер тиісті түсініктеме беруден бас тартқан.

«Автокөліктерге жауапты болып бекітілген мемлекеттік мекеменің бірінші басшылары тарапынан мемлекеттік мүлікті тиімді және тек қызметтік мақсатқа пайдалануға және құжаттардың толық рәсімделуіне тиісті бақылау болмаған. Анықталған заңбұзушылықтардың алдын алу және лауазымды тұлғалардың тәртіптік жауапкершілін қарау үшін Түркістан облысы әкімінің аппаратына хат жолданды» делінген хабарламада.  

Соңғы жаңалықтар