Шымкентте қызмет барысында қаза тапқан полицейлерге ескерткіш орнатылды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте Қазақстан полициясының 26 жылдығына байланысты қызмет барысында қаза тапқан полицейлерге ескерткіш орнатылды. Салтанатты шараға Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев пен қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов, милиция генерал-майоры Жеңісбай Сұлтанов пен өзге де сала ардагерлері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ескерткіштің ашылу рәсімінде алғашқы болып сөз алған облыс басшысы Жансейіт Түймебаев аталған ескерткіш азаматтардың қауіпсіздігін қорғау мақсатында өз өмірлерін қиған полицейлердің рухына арналғанын және олардың отбасы мүшелеріне өз тарапынан үлкен алғыс айтатынын жеткізді. Сондай-ақ қызметтік борышын өтеуде қаза болған тәртіп сақшыларын үнсіздікпен еске алып, гүл шоқтары қойылды.

«Қоғамдық тәртіпті қалыптастыру, ел тыныштығын қорғау жолындағы қажырлы еңбектерін ескере отырып, қаза тапқандардың құрметіне орай ескерткіш қоюды жөн көрдік. Бүгінгі ұрпаққа ұлағат, болашаққа аманат етуді мақсат еткен бұл нысан өткенге тағзым болары сөзсіз. Әрине ерлікпен қаза тапқан батырларымызды ешбір ескерткішпен алмастыра алмаймыз. Елдің тыныштығы жолында жанын құрбан еткен ержүрек, батыл ерлер ешқашан ел жадынан шықпайды. Құрметті полиция қызметкерлері! Әрқашан анттарыңызға адал болып, ел қорғаны деген атаққа абыройлы қызмет ете беріңіздер! Еліміз тыныш, халқымыз аман, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!», - деді облыс әкімі.

Салтанатты шарада  қызметтік борышын өтеуде қаза болған тәртіп сақшыларын бір сәт үнсіздікпен еске алынып, ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Ал  облыстық ІІД бастығы полиция полковнигі Қайрат Дәлбеков аталған ескерткіштің мән маңызына тоқталып, полиция қызметкерлерін құттықтады.

 «Тәуелсіздік алған жылдарда елімізде қызметтік борышын атқару кезінде 709 полиция қызметкері өмірден өткен. Оның ішінде 23-і - оңтүстікқазақстандық сақшылар. Біздің қызметіміз ауыр қатерсіз болмайды. Бүгін біз өмірінің соңғы сәтіне дейін қызметіне адал болып қалған әріптестерімізді еске аламыз. Біз өзінің өмірін заңның дұрыс орындалуы, бейбітшілік пен тыныштық орнау үшін қиған жандарды мәңгілік есте сақтауымыз қажет. Олардың ерліктерін және табандылықтарын үлгі ете отырып, бірнеше буын полиция қызметкерлері тәрбиеленетін болады. Қызмет барысында қаза тапқан әріптестерімізге біздің тарапымыздан қашанда лайықты құрмет көрсетіліп келеді. Олардың есімі полиция тарихында алтын әріптермен жазылып қалады», - деді Қайрат Дәлбеков.

Өз кезегінде облыстық Ішкі істер департаментінің жеке аппарат құрамы салтанатты шерумен жүріп өтті. Сондай-ақ, шараға қатысушылар ІІД музейін тамашалады. «Қоғамдық келісім» мекемесінің ғимаратында полиция саласында арналған фото көрме ұйымдастырылды. Үздік полиция қызметкерлері марапатталып, шара соңы мерекелік концертке ұласты.

Соңғы жаңалықтар