Шымкентте күйіп қалған 6 жасар қыз бен анасының жағдайы ауыр

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте жарылыс болған үйде күйіп қалған 6 жасар қыз бен анасының жағдайы ауыр. Дәрігерлердің сөзінше, жеткіншек облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«6 жасар қыздың беті, басы мен денесі қатты күйіп қалған. Күйген жері шамамен 35 пайыз болып отыр. Қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Дегенмен жағдайы ауыр»,- дейді аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Болат Нұсқабаев.

Ал анасының 53 пайыз жерін күйік шалыпты. 30 жастағы келіншек те жансақтау бөлімінде жатыр. Оның жағдайын да дәрігерлер ауыр деп бағалауда.

Еске салайық, бұған дейін Шымкентте тұрғын үйлердің бірінде газ жарылып, анасы мен баласы, 6 жасар перзенті күйіп қалған болатын. Келеңсіз жағдай қала іргесіндегі Тассай елді мекенінде болған еді. Газ шаруашылығы мамандарының сөзінше, жарылыс жерасты құбырынан шыққан. Яғни, сол үйдің көршісі ешкімге ескертпестен құбырларды кесіп, өзіне қарай тартып алыпты. Әрі оларды полиэтилен кленкаларынмен орап тастапты. Соның салдарынан құбырлар кесілген жерге газ жиналып, жарылыс болды.

Соңғы жаңалықтар