Шымкентте «Қошқар-ата» демалыс аймағы ашылды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Бүгін Шымкент «Астананың 20 жылдығына - 20 нысан» акциясы аясында Қошқар ата өзенінің жағалауы пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жуырда абаттандыру жұмыстары жүргізілген өзеннің бойында өткен шараға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен қала әкімі Нұрлан Сауранбаев, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары мен БАҚ өкілдері, қала тұрғындары қатысты.

Жаңа келбетке енген жағалаудың ашылу рәсіміне келген қонақтар, демалыс аймағын аралап, дән риза болысты. Қазір онда жарықшамдар мен орындықтар, ротондар орнатылып, түрлі ағаштар егілген.

Бүгінгі таңда демалыс аймағын толық аяқтау үшін мемлекет мұқтажына алынатын тұрғын үйлер мен жер телімдеріне өтеамақы төлеу үшін қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Демалыс аймағының ашылу салтанатына қатысқан аймақ басшысы шымкенттіктерді бүгінгі шарамен құттықтап, болашақта жүзеге асатын жобалармен таныстырды.

«Шаһардың шырайын аша түсетін Қошқар ата жағалауы - қала тұрғындарының сүйікті орнына айналып, мүлдем жаңа кейіпке енетін болады. Өйткені, алдағы уақытта Қошқар ата өзені бойында көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізіліп, Қарасу және Қошқар-ата өзендерінің бойы толық абаттандырылады. Жалпы «Ескі қала» жобасы бойынша Қошқар ата өзенінің жағалауы демалыс және қорғау аймағы болып қарастырылған. Бұл маң - Мегаполис атанған қаланың таңдаулы, көрікті жерлерінің біріне айналмақ», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Соңғы жаңалықтар