Шымкентте көшелерді тәулік бойы жаңбыр суынан тазартып жатыр

None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент көшелеріндегі жаңбыр суын тазарту жұмыстары тәулік бойы жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кешелі бері тоқтаусыз жауып жатқан жаңбыр салдарынан Шымкентте көшелер мен аулаларды су басып жатыр.

Қала тұрғындарынан екі күн ішінде 15-ке жуық хабарлама түскен.

Оның бәрі ауласына кіріп кеткен жаңбыр суын тазарту керектігін айтқан.

Қатты желдің салдарынан Қазыбек би көшесі бойындағы тұрғын үйдің алдындағы үлкен ағаш екі автокөліктің үстіне құлаған.

Жедел құтқару жасағының құтқарушылары оқиға орнына барып, құлаған ағашты арнайы араның көмегімен кесіп, түсірді.

Қазіргі таңда Республика даңғылы бойындағы«Колос» тоннелінде, Арғынбеков пен Өтегенов көшелерінің қиылысында, Желтоқсан көшесінде және 4-ші, Көксай-3, Нұртас, Тұран шағынаудандарында аулаға кірген суды сору, Назарбаев даңғылындағы айналма жолдың қасындағы сайда жиналған жауын суына жасалған бөгетті қосымша бітеу жұмысы жүріп жатыр.

«Жаңбырдың салдарын жоюға ТЖД-нің 61 қызметкері мен 17 бірлік техникасы және 9 дана мотопомпасы жұмылдырылып, шамамен 336 текше метр су шығарылды. Тұран шағын ауданындағы Жаңақұрылыс көшесінің бойындағы тұрғын үйді су алып кету қаупін алдын алу мақсатында құмдалған 300 дана қап төселді. Қазіргі танда жеке тұрғын үйлерге су басу қауіпі жоқ», - делінген Шымкент қаласы ТЖД қоғаммен байланыс тобы таратқан ақпаратта.

Айта кетейік, толассыз жауған жаңбырдан кеше Шымкент көшелерін су басқан болатын.


Соңғы жаңалықтар