Шымкентте коронавирустан көз жұмған адам жүк көлігінің жүргізушісі болған

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте коронавирустан көз жұмған науқас жүк көлігінің жүргізушісі болған. Бұл туралы тікелей эфирде өткен брифингте қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Бекбауова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, бүгін үшінші мегаполисте коронавирус жұқтырған бір науқас қайтыс болған еді. Ол 1962 жылы туған Түркістан облысы. Қазығұрт ауданына қарасты Рабат ауылының тұрғыны.

«Ауыр жүк көлігінің жүргізушісі транзитпен «Қарағанды-Новосбір» бағыты бойынша жол жүріп бара жатқанда ыстығы көтеріліп, дәрігер көмегіне жүгінген. Науқас 11 сәуір күні Шымкент қаласының жұқпалы ауруханасына жатқызылған. 58 жастағы азамат инфекциялық ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылған. Ол денсаулығының нашарлауына байланысты реанимациялық бөлімнің ИВЛ аппаратына қосылған. Науқас бұған дейін артериалдық гиперензия ауруымен диспансерлік есепте тіркеуде тұрған. Вирус жұқтырған азаматқа емдеу хаттамасына сәйкес қажетті ем шаралары жүргізіліп, Республикалық мамандармен біреше рет кеңес жүргізілген. Бүгін таңғы сағат 07-лер шамасында науқас реанимациялық бөлімде қайтыс болған»,- деді Айгүл Бекбауова.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының мәліметінше, науқаспен қарым қатынаста болған ұлы Шымкент қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасына стационарға жатқызылған. Бүгін сондай-ақ, қалада тағы бір адамның қауіпті індет жұқтырғаны анықталды.

«20 жастағы науқас Шымкент қаласының тұрғыны. Ол 13 сәуір күні «Варшава-Ақтөбе- Шымкент» әуе рейсімен Шымкент қаласына ұшып келген. Ол келе салысымен оқшауланып, карантинге жатқызылған. 14 сәуір күні сынамалық нәтижелері оң нәтиже көрсетті. Науқаспен бір реисте ұшып келген 9 жолаушы мен 2 борт серік оқшауланып, медициналық бақылауға алынды. Бүгінгі таңда қалада коронавируспен 39 жағдай тіркелді»,- деді Айгүл Бекбауова.


Соңғы жаңалықтар