Шымкентте коронавирус жұқтырған жүкті әйелдер үшін инфекциялық стационар ашылды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент қалалық №2 аурухананың базасында коронавирус жұқтырған жүкті әйелдерді емдеу үшін инфекциялық стационар ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

100 орынға арналған стационарда коронавирус жұқтырған жүкті әйелдер мен жаңадан босанған аналар ем қабылдайды. Орташа және ауыр халдегі науқастарды емдеу үшін орталық қажетті медициналық жабдықтармен толық қамтылған.

Аталған аурухананың бас дәрігері А.Рахматалиев қазіргі таңда стационарда ем қабылдап жатқан 22 науқастың 13-і жаңадан босанғандар болса, қалғаны жүкті әйелдер екенін айтты. Сонымен қатар №2 ауруханада коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация пункті жұмыс жасап тұр.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, бүгінгі күнге дейін қалада вакцинаның 1-ші компонентін 593 553 адам, 2-ші компонентін 579 278 адам қабылдаған. 2021 жылғы 15 қарашадан бастап 12 мен 18 жас аралығындағы балаларға, жүкті әйелдерге және бала емізетін әйелдерге «Pfizer-BioNTech» вакцинасын егу басталды. Бүгінге дейін бұл вакцинаның 1-компоненті 22 229 адамға егілді.

«Шымкент қаласында эпидемиологиялық жағдай күрделі. Соңғы тәуліктің өзінде 343 азаматтан коронавирус анықталды. Қазір жансақтау бөлімінде 26 науқас жатыр. Олардың тең жартысы өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Өкінішке қарай, олардың дені вакцина салдырмаған. Созылмалы ауруы бар науқастарға айтарымыз: вакцина салдырыңыздар. Өйткені қосымша ауруы бар науқастарда коронавирус ауыр өтеді»,- дейді Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов.


Соңғы жаңалықтар