Шымкентте колледж студентіне әлімжеттік көрсеткендерге қатысты тергеу шаралары басталды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте колледждің жоғары курс студентін пәтерге қамап алып, әлімжеттік көрсеткендердің жеке тұлғалары анықталды.  Қазір тәртіп сақшылары олардың қай оқу орнында оқитынын анықтады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Департаменттің баспасөз қызметі жетекшісі Салтанат Қаракөзованың сөзінше, оқиға осы жылдың қаңтар айында Шымкенттегі жалдамалы пәтерлердің бірінде болған.

«Әлеуметтік желілерге тараған бейнетүсірілімдегі жәбірленуші Сарыағаш ауданының 1997 жылы туған тұрғыны, көлік-техникалық колледжінің 4-курс студенті екені анықталды. Алайда істі тергеу барысында ол  полиция бөліміне арыз жазудан бас тартып, бұл оқиғаны ойын деп түсіндіріп отыр», деді С. Қаракөзова.

Ал, оны ұрып-соққан әрі видеоны түсірген студент кәсіби-техникалық колледждің 2-курсында оқитыны анықталды. Ол 18 жаста, Бәйдібек ауданының тумасы әрі бұған дейін де жасаған қылмысы үшін жазасын өтеп жүрген көрінеді. Атап айтқанда, 2015 жылы қылмыстық кодекстің 106-бабы бойынша сотталып, екі жылға бас бостандығы шектелген. Сондай-ақ қазіргі таңда тонауға қатысы бар күдікпен ісі Абай полиция бөлімінде тергелуде екен. Дегенмен күдікті жігіт ата-анасының кепіл болуымен босатылған.

Осы оқиғаға қатысты шұғыл іздестіру жұмыстарын жүргізген криминалды полиция басқармасының қызметкерлері сезіктінің жанында болғандардың да тұлғасын анықтады.  Қазір осы фактінің мән-жайы тергелуде.

Айта кетейік, таяуда жас жігіттің соққыға жығылған видеосы әлеуметтік желіге тарап кеткен болатын. Кейіннен бұл бейнетүсірілімді Шымкентте колледж студенттері түсірген болып шықты. Олар өздеріне әлімжеттік көрсеткен жоғары курс студентін өздерінше жазаламақ болып, пәтерге алып барған. Араларынан бір жігіт шығып, әлгі студентті өздігінше жазалаған. 

Соңғы жаңалықтар