Шымкентте кісі өліміне күдікті ретінде шетелдік жұмыс беруші қамауға алынды
Оқиға шілде айында болған. Қаратау аудандық полиция басқармасына 15 жастағы қыздың ата-анасы хабарласып, ол жұмыс орнында электр тоғының соғуынан қайтыс болғаны туралы арызданған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері Қылмыстық Кодекстің 156-бабымен (Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу) тіркеп, сараптамалар тағайындаған.
«Қылмыстық іс барысында күдікті шетелдік азамат, нақтырақ айтқанда пәкістандық болғандықтан, тергеу амалдары біршама уақытты алды. Парсы тілінің аудармашы-маманының қатысуымен тергеушілер барлық қажетті процессуалдық іс-әрекеттерді жүргізді. Күдікті Пәкістан азаматы уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды» - делінген Шымкент қаласы полиция департаментінің ресми өкілі таратқан хабарламада.
Сондай-ақ, электр-техникалық сараптама нәтижелері дайын болған соң, іс сотқа жолданатын болады.