Шымкентте қайтыс болған азаматтың бірнеше созылмалы ауруы болған

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте қайтыс болған бір адамның бірнеше созылмалы ауруы болған. Бұл туралы ҚазАқпарат Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссияның Жедел штабына сілтеме жасап хабарлайды.

«1968 жылғы науқас Шымкент қаласы, Абай ауданының тұрғыны. 20 сәуірде Шымкент қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасының реанимациялық бөліміне жатқызылды. Ауруханаға түскен кезде, науқастың жағдайының ауыр болуына байланысты ол жасанды тыныс алу аппаратына қосылды. Науқаста дилатациялық кардиомиопатия, жүрекше фибрилляциясы, артериялық гипертензия, созылмалы жүрек жетіспеушілігі, қант диабеті сияқты ілеспе аурулары болды»,-делінген хабарламада.

Сондай-ақ онда емдеу хаттамаларына сәйкес, науқасқа барлық қажетті емдеу шаралары жүргізілгендігі айтылады. Бірнеше рет республикалық мамандармен кеңес өткізілді.

«Жүргізілген реанимациялық іс-шараларға қарамастан, 23 сәуірде сағат 20:30-да науқас қайтыс болды. Науқаспен байланыста болған барлық азаматтар оқшауланып, карантинге алынды»,-деп хабарлады жедел штабтан.

Осыған дейін Шымкентте коронавирустан 1 адамның қайтыс болғандығы хабарланды.


Соңғы жаңалықтар