Шымкентте қатты қалдықтарды шығару тарифі 2 есе өседі

None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте қатты қалдықтарды шығару тарифі екі есе қымбаттайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Оtyrar.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұған дейін жер үйде тұратын әр адам айына 200 теңгеден төлесе, сәуір айынан бастап ол көрсеткіш 418 теңгеге көтеріледі.

Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының мәліметінше, үшінші мегаполисте соңғы рет қоқыс шығару бағасы 2017 жылы бекітілген. Ал, жанармай мен техниканың бағасы екі есе өскен. Әрі 2017 жылы айлық есептік көрсеткіш көлемі де әлдеқайда аз болған. Сондықтан тариф құнын өсіруге тура келеді.

Енді сәуір айынан бастап қоқыс шығару үшін көпқабатты тұрғын үйдегілер жан басына – 378 теңге, жер үйдегілер 418 теңгеден төлейді. Ал заңды тұлғалар үшін текше метріне – 2389 теңге. Мұның өзі өзге облыстармен салыстырғанда біршама төмен.

«Алматы қаласында 2019 жылы бекітілген тариф, көпқабатты тұрғын үйлер 1 адамға – 390 теңге, жер үйлер үшін – 414 теңге, 1 текше метріне 2144 болып бекітілген. Салыстырмалы түрде басқа облыстардан біздің тариф төмен», - деді Шымкент қаласы жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Ержан Жолдасов.

Айта кетейік, үшінші мегаполисте қатты қалдықтарды шығару бойынша халық тарапынан шағым көп. Көбінесе тұрғындар үйіліп жатқан қоқыстарға наразылығын білдіріп жатады. Өткен жылы экологтар арыз-шағымдар негізінде жоспардан тыс тексеру жүргізіп, заң бұзушылықтарды анықтады. Нәтижесінде, бірқатар компанияларға айыппұл салынды.


Соңғы жаңалықтар