Шымкентте Каспий банкті тонаған адам 12 жылға бас бостандығынан айырылды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -  Шымкентте Капсий банкті тонаған айыпталушыға қатысты сот үкімі шықты. Облыстық Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 45 жастағы Леонид Коломейцевті екі қарақшылық шабуыл қылмысы бойынша кінәлі деп танып, 12 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сот отырысында мәлім болғандай, айыпталушы 2013-2016 жылдар аралығында Каспий банкте инкассатор- жинаушы болып жұмыс істеген. Ал, 2016 жылдың шілде айында өз еркімен қызметінен кетіпті. Осы жылдың қыркүйек айында Алматы қаласындағы өзі жұмыс істеген банк филиалына қарақшылық шабуыл жасаған. Өйткені банкке ақша қалай және қай кезде келетінін қарақшы жақсы білген.  Артынша осы банктен екі рет несие алады. Дәл осындай қылмысты ол 2017 жылы Шымкентте жасаған. Қарақшылыққа шықпас бұрын ол шым шаһарда бір жыл пәтер жалдап тұрып, дайындалған. Жоспар құрған. Банкті тонаған соң, екі несиесін де жауып тастапты. Алайда артынша ол тәртіп сақшыларына ұсталып, жасаған қылмыстарын мойындады. Сот үкімімен Леонид Коломейцев жазасын 12 жыл бойы аса қатаң тәртіптегі түрмеде  өтейтін болды. Мүлкі де тәркіленеді.

null 

Естеріңізге сала кетейік, айыпталушы 2017 жылдың 13 қазанында Шымкенттегі Каспий банк бөлімшелерінің бірін тонап кеткен болатын. Қылмыс барысы бақылау камерасына түсіп қалған. Оған сәйкес, қарақшы банк ғимаратының негізгі кіреберіс есігінен еркін кірген. Бетін ақ матамен тұмшалап алған ол, «жарылғыш пакетке» ұқсас затты еденге лақтырып, аталған зат түтіндей бастаған кезде банк қызметкерлерін балтамен қорқытқан. Кейін касса бөліміне еніп, тартпадан буылған ақшаларды алып, сөмкесіне сала бастайды. Сөмкесін ақшаға толтырғаннан кейін, негізгі кіреберіс есіктен емін-еркін сыртқа шығып кетеді.

null 

Тексеру барысында күдіктінің банктен 16 миллион теңге, 23 мың АҚШ долларын және 8,5 мың ресей рублін алып кеткені белгілі болды. Артынша полицияның қолына түскен сезіктінің  тұрғылықты мекен жайынан ұрланған ақшаның біраз бөлігі, сөмке, қолғап және жасалған қылмысқа оның қатысы барын дәлелдейтін өзге де заттай айғақтар табылды.

Тергеу кезінде күдіктінің 2016 жылдың 2 қыркүйегінде Каспий банктің Алматыдағы бөлімшесін тонамақ болғандығы анықталды.

Соңғы жаңалықтар