Шымкентте карантинге жабылған кенттегі тұрмысы төмен отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсетілуде

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкент қаласындағы карантинге жабылған «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын алабында тұратын әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қолдау көрсетілуде. Бұл туралы Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов ақпараттық коммуникациялар орталығында өткен брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұхарбай Пармановтың айтуынша, «Nur Otan» партиясы ұйымдастырған «Біз біргеміз!» республикалық акциясының аясында 107 жағдайы төмен отбасыға азық-түлік себеті тегін таратылған.

«Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын алабы короновирус инфекциясына байланысты 14 күнге карантинге жабылғаны белгілі. Біз осы қиын кезеңде әлеуметтік тұрғыда әлсіз отбасыларға барынша қолдау көрсетіп жатырмыз. Елбасы тарсырмасымен ұйымдастырылған «Біз біргеміз!» республикалық акциясының аясында 716 отбасыға 40-50 пайыз жеңілдікпен картоп, пияз, сәбіз, май, ұн ұсынылды»,- деді аудан әкімі.

Ол сондай-ақ, кентке арзандатылған бағамен бірінші сұрыпты ұн жеткізілгенін атап өтті.

Оның мәлім етуінше, қазір нан бағасы тұрақты. Нан елдімекеннің жанындағы Жаңаталап тұрғын алабында наубайханада пісіріліп, карантинге жабылған тұрғындарға 75 теңгеден сатылып жатыр. Ал, «LTD Тұрмыс» ұйымы елдімекенге күніне 2 мезгіл таза ауыз су жеткізіп беруде.

Аудан әкімінің айтуынша, елдімекендегі барлық тұрғындар қауіпсіздік талаптарын сақтауда. Барлық 2 856 тұрғынға тұрақты түрде тегін медициналық бетперде таратылуда.

Айта кетейік, «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын алабында 132 аз қамтамасыз етілген, 96 көпбалалы отбасы бар.


Соңғы жаңалықтар