Шымкентте қаңтар оқиғасына қатысқан әйелдің үкімі өзгеріп, сот залында босатылды

Фото:
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысының Жолдауынан кейін Шымкентте қаңтар оқиғасына қатысып, сотталған әйелдің үкімі өзгерді. Қалалық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сотталушы келіншектің ісін қайта қарап, оны сот залынан босатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық соттың баспасөз қызметі мәліметінше, биыл жазда әл-Фараби аудандық сотында Л.Досмамбетоваға, Қ.Сұлтанбекке және Ж.Аштаевқа қатысты сот үкімі шыққан.

Сот үкімімен барлық сотталғандар ҚК 272-бабының 2 және 3 бөлігімен кінәлі деп танылған.

Ашық сот отырысы барысында сотталғандардың қаңтар оқиғасы кезінде Шымкент қаласының аумағында орын алған күш қолдану, қирату, өртеу, бұзу, мүлікті жоюға ұласқан жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны және азаматтарды жаппай тәртіпсіздікке қатысуға шақырғаны анықталған.

Олардың кінәсін сотқа дейінгі тергеу органы жинақтаған дәлелдемелер растаған.

Сотталғандардың бұрын сотты болғаны және істің басқа да мән-жайы ескеріліп, Л.Досмамбетоваға - 3 жыл 7 ай, Ж.Аштаевқа - 3 жыл 1 ай бас, Қ.Сұлтанбекке - 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

«Қалалық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы үш сотталушының ісін қайта қарап, Л.Досмамбетоваға қатысты үкімді өзгертті. 12 жасар баласының болуына байланысты ҚК 74-бабына сай үкімнің орындалуы 2 жылға кейінге қалды. Осы себептен Л.Досмамбетова сот залында босатылды. Ал, қалған екі сотталушының үкімі өзгеріссіз қалды» делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар