Шымкентте есірткі саудалаған 4 учаскелік полицей сотталды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте есірткі саудалаған  учаскелік полицейлер сотталды. Оңтүстік Қазақстан облыстық қылмыстық істер жөніндегі  мамандандырылған ауданаралық соты айыпталған төрт полицейді де бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сот отырысы кезінде тәртіп сақшыларының қандай қылмыс жасағаны айтылды.

«Абай аудандық полиция бөлімінің 4 учаскелік полицейі осы жылдың ақпан айында қылмыс деңгейінің ашылуын көтеру үшін өзара ақылдасқан.  Сөйтіп полиция қызметкерлерімен байланысып жүрген бір азаматпен келісіп, есірткі тұтынатын адамға марихуана сатуды ойластырады. Ол азамат ҰҚК-не арызданып, полицейлердің қылмыс жасамақ ойларын жеткізеді. Осыдан кейін сәуір айында алдын ала сөз байласып, қылмысты жүзеге асыру  кезінде үш ішкі істер қызметкері ҰҚК қызметкерлерімен ұсталған. Ал, төртінші айыпталушы бастапқы кезінде қылмыс жасауға келіскенімен, қылмыс жасау кезінде болмағандықтан жазасы жеңілдетіліп отыр»,- дейді Оңтүстік Қазақстан облыстық қылмыстық істер жөніндегі  мамандандырылған ауданаралық сотының ресми өкілі -үйлестіруші судьясы  Әбинұр Қарабаев.

Судьяның сөзінше, айыпталғандардың екеуі 28 жаста, қалған екеуі 34 және 27 жаста. Екеуі полиция капитаны, екеуі аға лейтенант. Сот үкіміне сәйкес, учаскелік полицейдің үшеуі Қылмыстық кодекстің 24 бабы 1 бөлігі «Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу» және 297 бабы 3 бөлігінің 1, 3 тармақтарында «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу», 299 бабының 2 бөлігінің 2 тармағында «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді тұтынуға көндiру» бойынша айыпты деп танылып,   5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Тағы бір полиция капитаны Қылмыстық кодексінің 24 бабының 1 бөлігі мен 299 бабының 2 бөлігінің 2 тармағында көрсетілген қылмыс белгілерімен кінәлі деп танылып, үш жылға сотталды. Барлығы да қызметтік шенінен айырылып, 10 жылға дейін құқық қорғау органдарында жұмыс істеу құқынан шеттетілді. 

Айта кетейік, жыл басынан бері осындай қылмыс жасағаны үшін үш полицей түрлі мерзімдерге бас бостандығынан айырылған болатын. Ал, есірткі сатумен айналысқан Отырар аудандық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары мен қатардағы қызметкерлеріне қатысты сот отырысы жабық күйінде өтуде. 

Соңғы жаңалықтар