Шымкентте еліміздегі ең үлкен су қалашығы ашылды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Жексенбі күні Шымкент қаласында «Fontan» аквапаркі ашылды. Заманауи үлгіде салынған демалыс орнының ашылу салтанатына облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қатысып, қала қонақтары мен тұрғындарын құттықтады,  деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Аквапарк 2 гектар аумақты алып жатыр. Онда биіктен сырғанайтын 8 төбешік орналасқан. Оның 2-еуі биіктігі 22 метрді құрайтын еліміздегі ең биік төбешік болса, ТМД елдері арасында ең ұзын сырғанайтын орын саналады. Мұнда жасанды толқын және бассейін суын жылытуға арналған құрылғылар орнатылған. Аквапаркті көріп шыққан аймақ басшысы бұл Орталық Азиядағы ересектер мен балаларға арналған ең үлкен су қалашығы екенін атап өтті.


«Міне, баршамыз қуанышты оқиғаның куәсі болып отырмыз. Жаңадан ашылып отырған заманауи аквапарк барлық талапқа сай етіп жасалған. Бүгінде қаламызда халықтың тынығып, демалуына арналған орындар көбейіп келеді. Мәселен, жуырда ғана қаланы қақ жарып ағатын Қошқар ата өзенінің бойы абаттандырылып, суға шомылуға арналған орындар пайда болды. Мұндай жұмыстар әлі де жалғасын табатын болады», - деді Жансейіт Түймебаев.


Ал аквапаркті салған кәсіпкердің айтуынша, демалыс аймағында 200-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Тәулігіне 2 мыңнан астам келушіге қызмет көрсетуге қауқарлы.

Шара барысында балаларға арналған ойын-сауық бағдарламасы мен ұтыс ойындары ұйымдастырылды. Кеш соңы Қазақстанның эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласты.


Соңғы жаңалықтар