Шымкентте экскаватор жүргізушісінің кесірінен 2,5 мың үй газсыз қалды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат  - Шымкентте экскаватор жүргізушісінің кесірінен 2500 үй мен бірқатар коммуналдық және өндірістік мекемелер көгілдір отынсыз қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Газ таратушы мекеменің мәліметінше, қалада құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде экскаватор жүргізушісі жоғары қысымды газ құбырын бұзып кеткен.

«20 мамыр күні сағат 15.00 шамасында қала тұрғындарының бірінен Тассай елді мекеніндегі  Жібек жолы мен Бабашұлы көшелерінің қиылысында газ құбыры бұзылғаны туралы хабарлама түскен. Шақырылған орынға жеткен авариялық бригада мамандары қаладағы танымал құрылыс компанияларының біріне тиесілі «XCMG» маркалы трактор-экскаватор жүргізушісі жер қазу жұмыстарын жүргізу кезінде жоғары қысымды газ құбырын бұзып кеткенін анықтады. Газдың ауаға таралуы тоқтатылды», делінген хабарламада.

null Салдарынан Тассай (ішінара), Таскен, Достық, Мәртөбе, Қызылсай елді мекендері уақытша көгілдір отыннан ажыратылды. Сондай-ақ 2-ші аудандық, №11,19, 10 ұжымдық , 32 жеке ұжымдық газды реттеуші бекет, 30 коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорын, 6 өндірістік мекеме, 2500 жеке сектор тұтынушыларына уақытша газ беру тоқтатылды.

Айта кетейік, аталған газ құбыры «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясының меншігінде.

Соңғы жаңалықтар