Шымкентте екі оқушы суға батқан 6 жасар баланы құтқарып қалды

None
Фото: gov.kz
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте екі жасөспірім суға батқан баланы құтқарып қалды. 6 жасар бала Бадам өзенінде ағып бара жатқан екен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл жағдай 10 мамырда болған.

Бадам өзеніне шомылуға келген бір топ бала кішкентай бүлдіршіннің суға батып кеткенін айтады.

Алғашқы сәтте бұған сенбеген Ердәулет пен Рамазан оқиға орнына барады.

Сол мезетте су бетінде баланың денесі қалқып жүргенін көріп қалып, құтқару үшін өзенге секіреді. Сөйтіп баланы жағаға алып шығады.

«Рамазан Аманкелдиев құтқарылған бүлдіршіннің іші ісіп, өзі көгеріп келе жатқанын байқайды. Тез арада реанимациялық іс-әрекеттер жасайды. Ол шаршаған соң қасындағы Ердәулет Шыңғысхан әрі қарай жалғастырады. Тоқтаусыз жасаған әрекеттер нәтижесін берді. Жас баланың ауызынан су шығып, демала бастайды. Өзіне келген бала не болғанын түсінбей жылай бастайды. Бүны көрген Рамазан мен Ердәулет қуанып кетеді. Осылайша дер кезінде екі жасөспірімнің алғашқы көмек көрсетуінің арқасында кішкентай бала аман қалды» делінген хабарламада.

Бүгінгі күннің батырлары қаладағы 128 жалпы орта мектепте оқиды.

Ердәулет Шыңғысхан 8-сыныпты бітірсе, осы Рамазан Аманкелдиев 9-сыныпты тәмамадады.


Соңғы жаңалықтар