Шымкентте дене мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында республикалық Спартакиада басталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Шымкент қаласында тірек-қимыл аппараты мен көру қабілеті нашар спортшылар арасында еліміздің VI Спартакиадасы басталды.

25 қыркүйекке дейін жалғасатын жарысқа еліміздің өңірлерінен 300-ден астам спортшы қатысып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бағдарламаға сәйкес қатысушылар дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ, паракаратэ және арбада билеу сынды паралимпиадалық емес спорт түрлерінен сынға түседі. Дойбы жарысы «64» және «100» ойындары бойынша 7 турдан тұрады. Оған еліміздің 17 өңірінен 80-нен астам спортшы қатысады.

Ал еліміздің 16 өңірінен бас қосқан спортшылар шахматтан бақ сынайды. 7 турдан тұратын жарыста көру қабілеті нашар және тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасында бөлек өтуде. Сонымен қатар тоғызқұмалақтан 15 өңірдің өкілдері шеберлік байқасады.

Пара-каратеден жекпе-жектер 22 қыркүйекте Шымкент қаласындағы жоғары спорт шеберлігі мектебінің спорт залында өтеді. Жарысқа Нұр-Сұлтан, Шымкент қаласының және Атырау, Ақтөбе облысының спортшылары қатысады. Іріктеу және финалдағы жекпе-жектер барлық санат бойынша болады.

Спорттық мерекенің сәні болған арбада отырып билеу сайысы 10 номинация бойынша ұйымдастырылды.

Олар: комби еркін, комби еуропалық, комби латина, комби фристайл, дуо, дуо латина, дуо фристайл, сингл және сингл фристайл. Бұл спорт түрінен еліміздің 13 өңірінен келген 50-ден астам спортшы жиналды. Аталған би жарысы «Түркістан Сарайы» мәдениет үйінде, үстел ойындары «Көрме» орталығында өтуде.

Айта кетейік, Спартакиада жарыстары үш кезеңге бөлініп өткізіледі. Әуелі аудан, кейін қалалар мен облыстарда және қорытынды тур республикалық деңгейде. Спартакиада мақсаты – ұлттық құрама командаларына дарынды спортшыларды іріктеу. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер Мәдениет және спорт министрлігінің атынан диплом, медаль және арнайы кубоктармен марапатталады.


Соңғы жаңалықтар