Шымкентте блок бекеттерді айналып өтпек болған 150 жүргізушіге хаттама толтырылды
Қаратау ауданының әкімі Абзал Әліқұловтың айтуынша, құқық қорғау органдары айналма жолдарды әуе дрондарының көмегімен бақылауға алған.
«Шектеу қойылған алғашқы күні осындай жолдармен өтпек болған 150 автокөлік ұсталып, оларға төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Осындай жолдардың барлығын қазып, автокөлік өте алмайтындай етіп бекіттік. Алайда, тұрғындар бәрібір айналып өтетін жолдар табады. Сондықтан құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып шекараны әуе дрондары арқылы бақылау туралы шешім қабылдадық», — дейді Абзал Әліқұлов.
Аудан әкімінің айтуынша, қала аумағында 18 блок бекет орнатылған. Әрбір бекетте тәртіп бұзушыны қадағалайтын жедел топ жұмыс істеуде. Төтенше жағдай режімінде заңбұзушылар анықталған жағдайда, олар ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 476-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады.
Еске сала кетсек, Шымкентте 31 наурыз күні сағат 21.00-ден бастап қосымша шектеу шарасы енгізілген. Қалаға кіретін барлық жол жабылып, автокөліктердің қалаға кіруі мен шығуына тыйым салынды. Тек транзит жүк көлігі мен тіршілікті қамтамасыз ететін арнайы автокөліктерге рұқсат берілуде.