Шымкентте бірқатар жолаушы тасымалдаушы компаниялармен келісімшарт бұзылды

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте жолаушы тасымалдаумен айналысатын 28 көлік компаниясының 14 бағыты бойынша келісімшарт бұзылды. Оған қоғамдық көліктердің тиісті талаптарды орындамауы себеп болған. Бұл туралы қала әкімінің көлік компаниясы басшыларымен кездесуінде айтылды, - деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Жиында қоғамдық көлік жүргізушілері тарапынан орын алатын кемшіліктер айтылды. Күн сайын бағытқа 1 100-ден астам автобус шықса, олардың басым көпшілігі жол ережелері мен тиісті талаптарды сақтамайды. Жүргізушілер автобустардың тазалығына қараудың орнына бір-бірімен бәйгеге түсіп жарысады. Ал кондукторлар дөрекі мінез көрсетіп, жолаушыларға тиісті деңгейде қызмет көрсетпейді. Қала берді қала іргесіндегі бірқатар елдімекендерге автобустар қатынау жағы кемшін түссе, демалыс күндері олардың қатары мүлдем азайып кетеді. Мұндай олқылықтарды қаланың осы салаға жауапты мамандары жайып салды.

«Жолаушылар қауіпсіздігін сақтау мақсатында 97 рейд өткіздік. Соның нәтижесінде көлік компанияларына ресми түрде 197 рет ескерту жасалып, айыппұлдар салынды. Бірақ өзгеріс жоқ. Енді тиісті талаптарға қоғамдық көліктің жүргізушісі бір жылда  екі рет жол ережесін бұзса, жүргізуші куәлігінен айырылады деп енгізу керек», - деді Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаев.

Өз кезегінде шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов та жолаушылар тасымалымен айналысатын компаниялардың жұмысын сынға алып, автобус жүргізушілерінің  жұмысын ретке келтіру керек екенін ескертті.

«Автобустар кез-келген жерге тоқтай салады. Ашық есіктермен жүреді. Ең бастысы - адам өмірі екенін ұмытпау керек. Содан кейін басқа қалаларда қоғамдық көліктер рет-ретімен жүреді. Ал біздегі аялдамаларда бір мезетте бес-алтауы келеді де, он бес минут жоқ болып кетеді. Осы жағы неге реттелмейді?», - деді қала әкімі.    

Бұл мәселеге орай көлік компанияларының басшылары да өз уәждерін айтып қалды. Қала әкімдігіне қарасты көлік бөлімі мен диспетчерлік бекеттердің жұмыстарына көңілдері толмайтын атап өтіп, жолаушылар тасымалдаушылар үшін қойылған талаптарға өзгерістер енгізуді ұсынды. Себебі өзге қалаларда ереже бірдей болса, Шымкентте шенділері оны жиі өзгерте береді екен. Ал, ол талаптарды орындау тасымалдаушы компанияларға  қиынға соғып отыр.

«Тиісті ережеде жылына автопарктің кемінде 20 пайызын жаңартып отыру керек дейді. Біз табыстан гөрі шығынымыз көбейіп тұрған уақытта оларды қалай жаңартпақпыз. Жанар-жағар май мен қажетті бөлшектер күнделікті қымбаттауда. Оны ескеріп жатқан ешкім жоқ. Ал қаладағы көшелердің сапасы сын көтермейді. Салдарынан жүргізушілер көлігін жөндейміз деп тұрып қалады. Табыстан қағылуда. Бұрын мұндай мәселелерге сараптама жасалатын. Қазір ондай жасалмайды», - деді «Южавтотранс» қауымдастығының төрағасы Дархан Қаюпов.

Қалай болғанда да, жолаушы тасымалдаушы компаниялар қала басшылығының 14 бағыт бойынша келісім-шартты бұзу жөніндегі біржақты шешімімен келіскісі жоқ. Қазірдің өзінде облыстық экономикалық сотқа талап-арыз беріп қойыпты.

Соңғы жаңалықтар